Каспий құбыры консорциумы төтенше жағдай кезінде Қазақстан мұнайын экспорттаудағы өз міндетін бұлжытпай атқаруға күш салмақ 

Жарияланды (жаңартылды )
ҚР Энмин / gov.kz

Атырау облысындағы су тасқынына қарсы дайындық жұмысы қауырт жүргізілуде. Төтенше жағдай кезінде Каспий құбыр консорциумы Теңіз-Новороссийск мұнай құбырының тұрақты үздіксіз жұмысын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан мұнайын экспорттау көлемін сақтау үшін бар күші мен ресурстарын жұмсауда.

ҚР Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевпен кездескен КҚК бас директоры Николай Горбан мұнай құбыры компаниясының қазіргі жұмыс барысы, су тасқынына қарсы шаралар туралы баяндады. Каспий құбыры консорциумының бас директоры Николай Горбан Қазақстандағы төрт нысанның үшеуінде («Теңіз», «Исатай» және «Құрманғазы» ПС) су басу қаупі жоқ деп мәлімдеді.

Атырау қаласы аумағындағы Жайық өзені суының деңгейінің көтеріледі деп болжануда. Соған байланысты «КҚК-К» АҚ-ның арнайы техникасы Каспий құбыры консорциумы, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» нысандарын қорғау үшін су тасқынынан қорғау бекіністерін салуды жалғастыруда.

Компания су тасқынына қарсы күресу үшін 250 миллион теңге бөлді. Бұл қаражатқа 4 сәуірден бастап Жайық өзенінің жағалауын нығайту, бөгет салу және қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр.  Одан бөлек Береке кентінің маңында бөгет салуға консорциум 8600 шаршы метр геотекстиль және 35 мың құм қапшық берді.

Осы кездесуде ҚР Энергетика министрі мен КҚК бас директоры су тасқынының салдарын жою, мәселен, Астрахань – Атырау сияқты республикалық маңызы бар жолдардың зақымдануын қалпына келтіру мәселесін талқылады. Келісімшарттық ынтымақтастық аясында КҚК-ның 2024 жылдың 1 мамырына дейін «ҚазМұнайГазға» 22,2 миллион доллар төлеу жайы да назардан тыс қалмады.

2023 жылы Каспий құбыр консорциумы 64 миллион мұнайды экспорттады. Оның 56 млн тоннасы – Қазақстан үлесінде.

Компания Теңіз-Новороссийск магистралдық мұнай құбырының нысандарында жаңа жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және оларды қосу жұмыстарын орындау үшін 9 сәуірден бастап үш тәулікке Теңіз терминалынан мүнай тиеуді тоқтатқан. Консорциум бұл жұмыс Энергетика министрлігімен келісілгенін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз