Майқайың кенішіндегі апатқа қатысты сот шешімі шықты. Сот «Майқайыңалтын» АҚ-ны тікелей кінәлі деп таныды

Жарияланды (жаңартылды )
Майқайың кенішіндегі апатқа қатысты сот шешімі шықты. Фото: kursiv.media

4 қаңтар күні «Майқайыңалтын» АҚ Майқайың шахтасының аумағында «КӘАҚҚ» ЖШС қызметкерлері мінген автобус жолдың опырылған жерінен құлап кеткен еді.  Соның салдарынан  екі адам қаза тауып, қалған екеуі хабар-ошарсыз жоғалды.

Тұрғындар мен жұмысшылар «Майқайың» АҚ басшылығын айыптап, мемлекеттік комиссиядан бұл оқиғаның жай-жапсарын тексеруді сұрады. Олар ашық хатта компанияның басқару жүйесін сынап, қауіпсіздік ережесі сақталмағанын мәлімдеді.

Апат салдарынан жоғалғандарды іздеу жұмысы ұзаққа созылды. Құтқарушылар мен техникалар жұмылдырылды. Қаңтарда Павлодар облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді.

Майқайың шахтасындағы оқиға себебін тергеу комиссиясы зерттеді

ҚР Еңбек министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының 2024 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығымен Еңбек кодексі 188-бабының 3-тармағына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты өлімге әкеліп соққан жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында комиссия құрылды. 

Тергеу қорытындысы бойынша комиссия топтық жазатайым оқиғаны тергеу актісін жасады.  Акт бойынша жұмыс берушінің толығымен кінәсі бар екені анықталды

Істі қарау кезінде сот тау-кен массасының кеңістікке құлауы салдарынан орын алған жазатайым оқиғаның себептерін атады:

  1. «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тау-кен жұмысының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылауды тиісінше жүзеге асырмай, жұмыс өндірісін тиісті дәрежеде ұйымдастырмаған.  
  2. Тау-кен және геологиялық барлау жұмысын жүргізетін қауіпті өндірістік нысандар үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бұза отырып, блоктарды пысықтау кезінде опырылу барысын тиісті деңгейде бақылауға алмаған.
  3. Талапкердің кен қазбаларын пысықтау кезінде қазба бірліктерін (блоктарын) жетілдіруге арналған жобалары болмаған (әзірленбеген). 

Деректер мен басқа да мән-жайлар сотта зерттелген тергеу материалдарымен, оның ішінде сараптамалар мен кіші комиссиялардың қорытындыларымен расталды.

Талапкер толығымен кінәлі

Жазатайым оқиға жұмыс уақытында «КӘАҚҚ» ЖШС қызметкерлерінің еңбек міндеттерін атқарып жүрген кезде орын алған. 

«Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғаларының әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) туындаған жазатайым оқиғаның себептерін негізге ала отырып, талапкердің 100% кінәсі бар деп танылды. Бұл жөнінде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты хабарлады.

Осыған байланысты сот Еңбек комитеті мен ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты. 

Сот ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетін бұл іске қатысы жоқ тұлға деп таныды. Шешім заңды күшіне енген жоқ. 

Сондай-ақ оқыңыз