5 жыл ішінде Қазақстанда метан шығарындылары 1,2 миллион тоннаға азайды — Энергетика министрі

Жарияланды
Қазақстан метан шығарындыларын азайту бойынша жұмысты күшейтуге ниетті / kursiv.media

5 жыл ішінде Қазақстанда энергетика саласындағы метан шығарындылары айтарлықтай азайды. Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) өкілдерімен кездесу өткізген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осылай деп мәлімдеді.

Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның энергетика саласында парниктік газдардың төмендеу үрдісі байқалатынын атап өтті. Оның айтуынша, бес жыл ішінде саладағы метан шығарындылары СО2 эквивалентіне 1,2 миллион тоннаға азайған.

Сондай-ақ кездесу барысында Сәтқалиев ЕҚДБ өкілдеріне сутегі стратегиясын әзірлеу жөніндегі жоспарлармен бөлісті. Қазір бұл іс министрлікте талқылануда. Аталған құжат сутегін өндіру, тасымалдау және сақтаудың үздік технологияларын әзірлеу мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған.

«Сонымен қатар сутегі энергетикасы саласындағы озық тәжірибені насихаттау құралы ретінде Қазақстанда пилоттық жобаларды іске қосу мүмкіндігін қарастырудамыз. Мұндай жобалар жаңа идеялар мен инновациялық тәсілдерді тәжірибеге енгізбес бұрын сынақтан өткізуге мүмкіндік береді», деді министр.

Бүгінгі таңда Энергетика министрлігі ЕҚДБ-мен бірлесіп жаңартылатын энергия көздері, электр энергетикасы және газ өнеркәсібі салаларында бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, шамамен 536 млн долларды құрайтын бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.

Айта кетейік, 2006 жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушылар шикі газды кәдеге жарату жөніндегі іс-шараларға ден қоя бастады. Жалпы алғанда, 2006-2023 жылдар аралығында жанатын газдың көлемі 3,1-ден 0,3 млрд текше метрге дейін төмендеді. Яғни газ өндіру тиісінше 27,0-ден 59,1 млрд текше метрге дейін ұлғайып, жылына 2,8 млрд текше метрді құрады.

Еске салайық Маңғыстау облысындағы «Бозашы Мұнай» ЖШС игеріп жатқан «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында 2023 жылы болған апаттың салдарынан атмосфераға 127 мың тонна метан тарағаны белгілі болды. Ғалымдар ғарыштан түсірілген  сурет негізінде осындай мәлімдеме жасады.

«2023 жылы ұңғымада болған апаттан кейін 127 мың тонна газ ағып кетті деген болжам бар. Өрт 6 айдан кейін сөндірілді. Метан жаһандық жылынудың негізгі себебі болып табылатын көмірқышқыл газына қарағанда күшті газ. Оның жылыну қабілеті алғашқы 20 жыл ішінде көмірқышқыл газынан 80 есе артық. Метанның ғаламшардың жылынуына әсері бір жылда 717 мың автокөлік жылыну процесіне әсер еткендей болды», – деп жазды ВВС.

Маңғыстау облысы Экология департаменті жоспардан тыс жүргізілген тексеру жүргізіп «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнын игеріп жатқан «Бозашы Мұнай» компаниясына 350 млн теңге айыппұл салған еді.

Сондай-ақ оқыңыз