Tesla сұраныстың баяулауына байланысты қызметкерлердің 10%-дан астамын қысқартпақшы

Жарияланды
Tesla қызметкерлерінің 10%-ын жұмыстан шығарады. Бұл шамамен 14 мың адам / Фото: kursiv.media

Америкалық Tesla компаниясы электромобильдерге сұраныстың баяулауына байланысты әлем бойынша қызметкерлерінің 10%-дан астамын қысқартпақшы. 

Bloomberg басылымы мәлімдегендей, Илон Масктің мұндай шешімге келуінің бір себебі  – шығындарды қысқарту. Сондай-ақ компаниядағы көптеген лауазымдық функциялар бір-бірін қайталайтыны айтылған.

Қазірдің өзінде  Tesla-дан екі бірдей вице-президент кетіп қалған. Tesla-ның қоғамдық саясат және бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Рохан Пател мен қуат беру және энергетика жөніндегі вице-президенті Дрю Баглино журналистерге жұмыстан кеткендерін растады. Жұмыстан шығу және отставкаға кету Cybertruck автокөліктерінің сатылымы жоспар аясында жүзеге аспай қалған соң, көп ұзамай орын алған.

2024 жылдың бірінші тоқсанында Tesla 386 810 электр көлігін сатты. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (422 875 бірлік) 8,5%-ға аз.  Аталған көрсеткіш орташа есеппен 449 080 көлік сатуды күткен Bloomberg сарапшыларының болжамынан айтарлықтай төмен.

Tesla түсіндірулеріне сәйкес, сатылымның төмендеуіне хуситтердің Қызыл теңіздегі жүк кемелеріне жасаған шабуылы, сондай-ақ 2024 жылдың наурызында Берлиндегі Gigafactory зауытының өртенуі себеп болды. Қазір бұл іске қатысты Германия билігі тергеу жүргізуде.

2022 жылдың қарашасында Илон Маск әлеуметтік желіні сатып алғаннан кейін, көп ұзамай Twitter қызметкерлерінің жартысын жұмыстан шығарды. 4 мыңға жуық маман қысқартуға ұшырады. Маск қызметкерлерді қысқарту туралы шешімін бизнестің шығындарын азайту әрекеті деп ақтады. Оның айтуынша, Twitter-ді 44 миллиард долларға сатып алу арқылы артық төлеген: «Өкінішке орай, компанияның таңдауы жоқ, өйткені ол күніне 4 миллионнан доллардан астам ақша жоғалтады», – деп жазды Маск Twitter-де. Ол жұмыстан босатылған әрбір адамға үш айлық жұмыстан шығу жәрдемақысы ұсынылғанын атап өтті, бұл заңда көзделгеннен 50%-ға артық.

Tesla АҚШ-тағы ең ірі 10 компанияның қатарынан шықты

Еске салайық, бұған дейін Tesla АҚШ-тағы ең ірі 10 компанияның қатарынан шыққаны туралы жазған едік.

Америкалық электромобиль өндірушісі Tesla-ның капиталдандыруы 2,3%-ға азайып, 553 миллиард долларға дейін төмендеді. Компания АҚШ-тағы ең қымбат компаниялар тізімінде 11-ші орынға түсті.

Visa Inc 10-шы орынға көтерілді, оның  табысы 563 миллиардқа жетті. Компания акциялары соңғы үш сессияда 13%-ға төмендеген. Қытай мен ЕО электромобиль нарығындағы әлсіздікке байланысты және жеткізу мәселелері туындағандықтан, жыл басынан бері 29%-ға төмендеді.

Morgan Stanley сарапшысы, компанияға қатысты негізгі оптимистердің бірі – Адам Джонас 5 наурызда компания акцияларының мақсатты бағасын бір акция үшін 345 доллардан 320 долларға дейін төмендетті. Сонымен бірге «сатып алу» ұсынысын сақтады.

«Биыл электр көліктері үшін қиын жыл болады. Бағаның құлдырауының жалғасуына қарамастан сұраныс баяулай бастады»,– деп жазды ол.

Джонастың айтуынша, 2024 жылы Tesla-ны жеткізу шамамен 10%-ға артып, 1,8 миллион көлікке жетеді. Ал өзге сарапшылар жалпы алғанда 2,1 миллион дана сатылымын күтеді.

Сарапшының айтуынша, Tesla Қытайдағы негізгі нарықта бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Сондай-ақ сұраныс пен сатуды ынталандыру үшін бағаны төмендетуді жалғастырады.

Қытайда Tesla-ның электромобильдеріне сұраныс төмендеді

Илон Масктың компаниясы үшін жағымсыз жаңалықтардың бірі – Қытайдағы сатылымның төмендеуі мен еуропалық зауыттың тоқтатылуы болды.

Қытайда Tesla-ның электромобильдеріне деген сұраныс төмендеп кетті. Компания электромобиль өндірушілерімен қатаң бәсекелестік жағдайында бағаны төмендетуге мәжбүр болып отыр. Бұл елдегі оның ең үлкен бәсекелесі BYD компаниясы. Бұл компания да баға бәсекесін одан сайын өршітіп отыр. BYD ақпан айында бірнеше жаңартылған автомобиль модельдерінің бағасын төмендетті. Ал жұма күні автогигант өзінің Song Pro гибридті жол талғамайтын көлігінің жаңа нұсқасының бастапқы бағасын 15,4% — ға, ал осы аптада өзінің ең арзан Seagull көлігін 5% – ға төмендетті. 2023 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша BYD Tesla-ны басып озып, электр машиналарын сатуда әлемдік көшбасшы атанды.

Сондай-ақ оқыңыз