Ресейлік компания Қазақстанның үш қаласында ЖЭО салатыны туралы екі ел арасында үкіметаралық келісімге қол қойылды

Жарияланды
Шығарушы редактор
Ресей Қазақстанға 3 ЖЭО салып береді. Коллаж: kursiv.media

Қазақстан мен Ресей көмір жылу электр орталығын салу туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Келісімшарт аясында Ресей Қазақстанның Өскемен, Семей және Көкшетау қаласында ЖЭО салады.

Келісімге қос тараптан Энергетика министрлері қол қойған. Тараптар «ИНТЕР РАО – Экспорт» ЖШҚ және «Самұрық-Энерго»АҚ атынан жұмыс істейтін уәкілетті ұйымдарды да анықтады.


«Үш облыс орталығында – Семей, Көкшетау және Өскеменде үш жаңа ЖЭО іске асыру энергетикалық көмірдің мол қорын ескере отырып, олардың одан әрі дамуына қуатты серпін береді», – деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Қазақстан тарапынан уәкілетті ұйым «Самұрық-Энерго» АҚ атынан ЖЭО шоты бойынша жол картасын жасаған.

Ресейдің Қазақстанға үш ЖЭО салып беретіні қараша айының басында белгілі болды. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұмағарин мәлімдеген.

Осы форум аясында Қазақстан мен Ресей Президенттерінің келіссөзі нәтижесінде қос елдің энергетика министрлері Алмасадам Сатқалиев пен Николай Шульгинов Көкшетау, Семей және Өскеменде жылу электр станцияларын салу туралы келісімге қол қойды. Құжат үш жылу электр станциясында жаңа энергоблок салудан бөлек, Қазақстан Республикасының аумағында генерациялаушы қуаттарды жаңғырту және салуға бағытталған басқа да перспективалық жобаларды әзірлеуді қамтиды.

Үш қаладағы жылу электор орталығын ресейлік «Интер РАО» холдингінің құрамына кіретін «Интер РАО – Экспорт» компаниясы салады.

Қос ел арасындағы үкіметаралық келісім жобасы ашық талқыға 2023 жылдың желтоқсан айында шыққан. Құжатта үш ЖЭО-ны салуға тапсырысты Қазақстан тарапынан «Самұрық-Энерго» беретіні жазылған. Сонымен қатар, тапсырыс берушінің функцияларын орындау үшін өзіне үлестес мамандандырылған жобалау компаниясын құруға құқылы.

Жобаны қаржыландыру үшін «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамына үлестес жобалық-қарыз алушы компания мен ресейлік қаржыландыру ұйымдары арасында жеке келісім жасалады. Жобаны қаржыландырудың шарттары мен параметрлерін Қазақстан тарапынан Уәкілетті ұйым және ресейлік қаржыландыру ұйымдары айқындайды.

Жобаның бірінші кезеңі «Самұрық-Энергоның» өз қаржысына жүзеге асса, 2 және 3-кезең үшін Ресейден қарыз алынбақ. Бұл қарыздың уақтылы қайтарылатынына «Самұрық-Қазына» мен ел үкіметі кепіл болады.

Сондай-ақ оқыңыз