Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинау туралы әр үшінші хабарлама алаяқтардың әрекеті – полиция

Жарияланды
Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинау туралы әр үшінші хабарлама алаяқтардың әрекеті / коллаж kursiv.media

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинау туралы әр үшінші хабарламаның алаяқтық екенін анықтаған.

Ақпаратқа сүйенсек, су тасқыны кезінде WhatsApp мессенджерінде құрылған чаттарға солтүстікқазақстандық полицейлер мониторинг жүргізген.

Петропавлдың шеткі аудандарын терең су басқаннан кейін WhatsApp мессенджерінде топтар құрылып, оларға қаланың және облыстың тұрғындары қосылған. Бұл топтарда адамдар тасқын барысында туындаған проблемаларды талқылап, ойларымен бөлісіп, зардап шеккендерге көмек ұйымдастырады. СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы осы топтарды тексеруді жөн санап, олардың кейбірінен алаяқтық белгілерін анықтаған.

«Соңғы уақытта су тасқынынан зардап шеккен адамдардың банктік карталарының нөмірлері және көмек сұрау туралы өтініштері көрсетілген хабарландырулар тарап кетті. Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері осындай хабарландыруларды, нақтырақ айтқанда, суретте, мәтінде көрсетілген адамдар жайлы, олардың есепшоттары туралы мәліметтердің шынайылығын жіті тексереді. Үш күн ішінде алты үлкен чатта 50-ге тарта жалған хабарландыру анықталды», – деді криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Оның айтуынша, көмек туралы әр үшінші хабарландыру жалған болып шыққан. Полиция хабарландыруларды жойып, авторлардың чаттардағы нөмірлерін бұғаттаған.

Ол қаржылық сұрақтармен байланысты кез келген ақпараттың шынайылығына көз жеткізуге және барынша сақ болуға кеңес берді. Күмәнді хабарландырулар мен сілтемелерді тексерту үшін криминалдық полиция басқармасына + 7 747 429 0203 хабарласуға болады.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев желіде су тасқынына қарсы штабтардың жалған аккаунттарын ашып, ақпарат тартушыларға ескерту жасаған. Бозымбаев су тасқыны кезінде дүрбелең тудыратын жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды. Ақпаратқа сүйенсек, әлеуметтік желіде жалған ақпараттың тарауы табиғи апатпен күресіп жатқан адамдардың жұмысын қиындатып жатыр. Вице-премьер атап өткендей, мұндай жалған ақпараттар қоғамда, әсіресе, зардап шеккен өңірлерде жиі дүрбелең тудырады.

Сондай-ақ оқыңыз