Су астында қалған өңір тұрғындары несиеге алынған көліктері суға кеткен жағдайда мүлкіне келген зардапты есептетіп көмек ала алады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов айтты.
«Әр жағдайды комиссия жеке-жеке қарайды. Оларға да(көлігі суға кеткендерге де – ред.) көмек көрсетіледі. Барлық мүлік есептеледі. Міндетті түрде зардапты толық есептейтін боламыз. Президент те, үкімет басшысы да уәде берді ғой», – деп жауап берді Біржанов журналистердің автонесиеге алынған суға кеткен көліктердің шығынын есептеу туралы сұрағына.
Бұдан бөлек, су басқан аймақтардағы несие алған тұрғындарды төлем мерзімдері қайта қаралатынын атап өтті.
«Несие бойынша барлығына көмек көрсетіледі. Несие төлемінің мерзімі өтіп кеткен болса да, көмек көрсетеміз. Несиені реструктуризациялау мәселесі де қаралып жатыр», – деді вице-министр.
Ол Қаржы министрлігінің шілдеге дейін салықтан босату туралы бұйрық шығарғанын да атап өтті.
Тасқыннан зардап шеккендер несие қарызын кейін төлей алады
Айта кетейік, Қазақстандық банктер су тасқынынан зардап шеккен борышкерлердің несие төлеу мерзімін кейінге шегереді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы хабарлады.
Өз тарапынан банктер келесі қолдау іс-шараларын көрсетуге дайын екендіктерін растады:
– 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейінгі мерзімге жергілікті атқарушы органдардың тізімдері бойынша су тасқынынан зардап шеккен қарыз алушылардың несиені өтеу мерзімін ұзарту;
– 2024 жылғы 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде су тасқынының теріс әсерінен қаржылық жағдайы нашарлаған қарыз алушылардың төлемдерін уақтылы өтемегені үшін өсімпұлдар есептелмейді;
– Су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметі тоқтап қалға жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелік міндеттемелерін орындау кейінге қалдырылады.
Төлемді кейінге шегерудің нақты тетiктерiн әр банк жеке анықтайды
«Төлемді кейінге шегерудің нақты тетiктерiн әрбiр екiншi деңгейдегi банк дербес айқындайды. Оның ішінде банкке тиiстi өтiнiштер беру және форс-мажорлық мән-жайлардың туындауын растайтын құжаттарды ұсыну бар. Осы тетіктердің сипаттамасы және қарыз алушыларға қажетті барлық қадамдар жақын арада банктердің ресми сайттарында жарияланады», – деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.
Еске сала кетсек, Үкіметте су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу тетіктері мен қаржыландыру көздері талқылады. Қосымша қаржыландыру Үкімет резервінен алынады.