Ринат Заитов су тасқынына дайын болмаған билік өкілдерін жазалауды ұсынды

Жарияланды
Ринат Заитов су тасқынына дайын болмаған билік өкілдерін жазалауды ұсынды / коллаж kursiv.media

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов өңірлердегі су тасқынына дайын болмаған жергілікті билік өкілдерін жазалауды ұсынды. Өз ұсынысын депутат Мәжіліс отырысы кезінде үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдады

«Тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар. Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты», – деді депутат.

Ол жергілікті билікпен жауапты министрліктер су тасқынына дейін дабыл қаққан депутаттар Дүйсенбай Тұрғанов, Бақытжан Базарбекпен Жылой аудандық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсенбаевтардың депутаттық сауалдарына бей-жәй қарағанын да атап өтті

«Бөренеден аттаймыз» – деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін мемлекеттік органдардың шалағайлығы жауапқа тартпаса жалғаса береді ғой. Сондықтан, Президентіміз айтқандай жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар әрекеттері жазалануы тиіс», – деді ол.

Бұдан бөлек, ол апат салдарынан зардап шеккен халық өз шығындарының қалай есептеліп жатқанын білу үшін шығындарды есептейтін комиссия құрамына ел сеніміне ие жергілікті белсенді азаматтарды қосуды ұсынды.

Ол апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарастыруды және баспанасынан айырылған азаматтарды оңтайлы орналастыруды жеделдетуді сұрады.

Тоқаев шенеуніктерге сөгіс жариялады

Осыған дейін президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.

Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды. Оның айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған. Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен өңірлер тұрғындарына үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш білдірді. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұрады. Барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз