Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті ел аумағында TikTok жұмысын шектегісі келеді

Жарияланды
Шығарушы редактор
Госкомитет нацбезопасности Кыргызстана просит ограничить доступ к TikTok на территории страны
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті ел аумағында TikTok жұмысын шектегісі келеді / коллаж kursiv.media

Қырғызстан Цифрлық даму министрлігі интернет-провайдерлерге TikTok әлеуметтік желісіне кіруді шектеу туралы хат жіберді. Бұл хат ведомствоға елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінен келіп түскен.

24kg басылымының ақпаратына сүйенсек, ҰҚМК Қырғызстанның TikTok сегментінде «мазмұнды цензуралауға жүйелі және принципті көзқарас жоқ» екендігін, атап айтқанда балалардың желіде қорғалмағанын атап көрсеткен.

Сондықтан ведомствоға «Балалардың денсаулығына, олардың физикалық, рухани, адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» заңға сілтеме жасай отырып, 18 сәуірге дейін әлеуметтік желіге кіруді шектеу тапсырылған.

Қырғызстандық БАҚ Қырғызстанның Мәдениет министрлігі өткен жылдың тамыз айының соңында әлеуметтік желіні бұғаттау туралы өтініш жібергенін еске салады. Содан кейін министрлік бірқатар үкіметтік емес ұйымдардан балалардың психикалық дамуы мен денсаулығына теріс әсер ететін TikTok әлеуметтік желісінің зиянды әсері туралы алаңдаушылық білдіру хаттарын ала бастаған.

Қазақстанда да TikTok желісінің жұмысын шектеу туралы сөз қозғалған. Сенат отырысында Аманжол Әлтаев пен Әлішер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, TikTok желісіне шектеу енгізуді сұраған.

Сатыбалдиев Tiktok желісіне қатысты Батыс пен көрші елдерде шектеу шаралары енгізілгенін, бірақ Қазақстанның бұл мәселеге салғырт қарап отырғанын мәлімдеді. Күн санап жастардың бұл платформаға деген әуестігі артып келе жатқанын алға тартты. Сенатор желі қолданушылардың 75 пайызы 13-24 жас арасындағы жастар екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша 4-5 жасар балалардың өзі күнделікті 75 минутын осы желіні тамашалаумен өткізеді екен.

TikTok – қысқа бейнелер жасауға және көруге арналған платформа. Компания Бейжіңдегі ByteDance компаниясына тиесілі. Қытайдың өзінде әлеуметтік желі Douyin деп аталады және Қытайдағы қолданыстағы цензура шектеулеріне сәйкес жеке серверлерде жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз