Қор нарығының капитализациясы 31 трлн теңгеге дейін жетіп, AIXQI мен KASE индекстері жоғары динамика көрсетті

Жарияланды
Елдің қор индекстері қарқынды өсті/ Архив: kursiv.media

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы 2024 жылдың 1 тоқсанындағы Қазақстанның бағалы қағаздар нарығына шолуын жариялады

Құжатқа сүйенсек, 2024 жылдың 1 тоқсанында елдің қор индекстері қарқынды өсті. Мәселен, AIXQI индексі 9,2%, ал KASE индексі 21,3% динамика көрсетті

«Бұл өсімнің негізгі драйвері корпоративтік пайда мен дивиденд төлемдерінің артуы, базалық мөлшерлеменің төмендеуі (баламалы инвестициялық құралдардың кірістілігі төмендейді) және рейтингтік агенттіктердің оң бағалары болды. Сондай-ақ инвесторлар сұранысына үш ірі банк:  Халық банк (+30,2%), Kaspi (+26,1%) және BCC (+54,2%), сондай-ақ Kcell (+61,9%) акциялары ие болды. Банк акцияларына деген сұранысқа қаржы нәтижелері әсер етті. Мәселен, 2023 жылы қаржы институттарының жиынтық пайдасы 22,4%-ға өсті», – деп жазылған шолуда. 

Қор нарығының капитализациясы

Индекстердің оң динамикасының аясында қор нарығының капитализациясы 30,8 трлн теңгеге (+15,3%) дейін өсті. Ал UIP басқаруындағы активтер 1,2 трлн теңгеге (+28,3%) дейін артты.

Сонымен қатар, «Эйр Астананың»  AIXQI және KASE индекстерінің құрылымындағы акциялары қайталама қор нарығының өтімділігін айтарлықтай арттырды. Мысалы, екі айға жетпейтін уақыт ішінде әуе акомпаниясының акциялары KASE-де индекстік акциялармен жасалған мәміле көлемі бойынша І тоқсанда көш бастады. (Эйр Астана акцияларының сауда-саттық көлемі 8,5 млрд теңгені құрады немесе жалпы сауданың 20%-ы).

Дивидендтік төлемдер артты

Қауымдастық ақпаратына сүйенсек, базалық мөлшерлеме және мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігінің төмендеуінен кейін корпоративтік нарық облигацияларының кірістілігі (KASE BMY)(бұрынғы 14,46%-дан 14,18%-ға дейін) азайды. 

Биыл елдің қор нарығы 2024 жылы жаһандық мөлшерлемелерді төмендету циклінің басталуына, компаниялардың күшті қаржылық нәтижелеріне және алдағы дивидендтер төлемдеріне байланысты өсуді жалғастырды. AIXQI (12-нің 9-ы) және KASE (10-ның 7-сі) индекстеріне кіретін компаниялардың көпшілігі 2023 жылға қомақты дивиденд төлейтінін хабарлады (Kaspi төлеп қойған). 

Дивидендтердің орташа кірістілігі өсті

Еске сала кетсек, өткен жылы нарықтағы дивидендтердің орташа кірістілігі 5,6%-ды құрады (эмитентке байланысты ол 0-ден 17%-ға дейін болды). Салыстыру үшін, S&P 500 индексінің орташа дивидендтік кірістілігі 2% шамасында.

«Осылайша, бірінші тоқсанда қор нарығындағы инвесторлар балама тәуекелі аз құралдарға қарағанда (депозиттер, жылжымайтын мүлік және т.б.) бірден жылдық табыс таба алады. 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы индекстердің мұндай жоғары өсімін қалған үш тоқсанда жыл соңына дейін ұстап тұру қиын болуы мүмкін», – деп жазылған шолуда. 

Бірақ соған қарамастан, елдегі макроэкономикалық жағдай қолайлы деп бағалануда, шикізат нарықтарындағы баға  былтырменсалыстырғанда жоғары, екінші жартыжылдықта бірқатар эмитенттердің рейтингі көтерілуі мүмкін. Алынған дивидендтерді  қайта инвестициялау нарықтың көңіл-күйін жақсартып, оның тұрақты өсуіне ықпал етеді.

Еске сала кетсек, ФРЖ-ның ақша-несие саясатындағы сақтық ұстанымы АҚШ қор нарығына кері әсер етті.

Сондай-ақ оқыңыз