БАӘ-дегі су тасқынына байланысты Астана-Дубай-Астана бағыты бойынша рейстер шегерілді

Жарияланды
Кеше келуі тиіс Астана – Дубай бағыты бойынша KC205 рейсі бүгін түнде келеді деп күтілуде / Фото: kursiv.media

Астана – Дубай – Астана бағыты бойынша рейстер шегерілді. Бұл жайлы Астана халықаралық әуежайы хабарлады.

Астана халықаралық әуежайы Fly Dubai және Air Astana авиакомпанияларының рейстер кестесіндегі соңғы өзгерістері туралы ақпарат таратып, онда Fly Dubai авиакомпаниясының бүгінге ұшып келуге жоспарланған FZ1303 және FZ1307 рейстері, сондай-ақ ұшуға жоспарланған FZ1304 және FZ1308 рейстері тоқтатылғанын хабарлады.

Сонымен қатар, Air Astana авиакомпаниясының Дубай – Астана бағытындағы кешіктірілген KC2060 рейсінің бүгін қонатыны жазылған.

«Таңертең сағат 07:25-те Астана – Дубай бағыты бойынша KC205 рейсі жүзеге асырылды. Аталмыш рейс Астана қаласына түнгі уақытта ұшып келеді»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Жолаушылар рейстер туралы ақпаратты және олардың кестедегі ықтимал өзгерістері туралы мәліметті әуекомпаниядан сондай-ақ Астана халықаралық әуежайының ресми сайтынан немесе әуежайдың байланыс орталығынан анықтай алады.

Еске сала кетсек Дубайда нөсерлі жауын салдарынан су тасқыны болып, салдарынан Дубай әуежайы уақытша жұмысын тоқтатқан. Мемлекет осыған байланысты дабылдың сары деңгейін жариялап, төтеше жағдай режимін енгізді.

Араб Әмірлігі аумағында күшті жаңбыр сейсенбі күні басталды. Бұл аласапыранда Дубай қаласы айрықша зардап шекті. Интернет кеңістігінде тараған бейнежазбаларда әуежайдағы ұшақтардың қалт-құлт етіп, әрең тұрғаны байқалады. Көшелер суға толып, сауда орындарын су басты. Метроның ішіне де су құйылған. БАӘ Ұлттық метеорология орталығы тұрғындарға бұл нөсердің зардабы орасан болатынын ескерткен. Әуе рейстерімен қатар, елдегі теміржол қатынасы да тоқтаған.  

Сондай-ақ оқыңыз