Мәжілісте мопед жүргізушілеріне көлігін тіркеп, А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуды міндеттейтін заң жобасы қаралып жатыр

Жарияланды
мопед
Мопед жүргізушілеріне көлік құралын тіркеу міндеттеледі / shutterstock и freepik

Мопед механикалық көлік құралына жатқызылып, тіркеуге алынады. Ал жүргізушілері мемлекеттік баж салығын төлейді. Бұл жайлы Мәжіліс отырысында тиісті заң жобасын талқылау кезінде айтылды. Заң жобасын депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұл заң жобасын парламент депутаттары әзірлеген. Заң негізінде көшедегі мопедтердің жол жүрісін реттеу көзделген.

Бүгінгі күннің ең арзан көлігі саналатындықтан, елімізде мопед жүргізушілерінің саны артқан. Соған сай мұндай көлік түрімен жасалатын апаттар да көбейген. Мәжілісте заң жобасын таныстырған депутат Екатерина Смышляева мұндай көлік түрлерінің қатысуымен 2023 жылы 750 апат болғанын айтты. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп екен.

«Заң жобасында қозғалтқыш көлемі елу текше сантиметрден кем мопедтерді мемлекеттік тіркеу, мопед жүргізушіне қойылатын талаптарды белгілеу, жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беру, жол қауіпсіздігін цифрландыру бойынша нормалар ұсынылды», – деді депутат.

Сонымен бірге мопед механикалық көлік құралы ретінде танылып, жүргізушілерге рұқсат етілген жылдамдықты әлдеқайда асырып жүргені үшін жауапкершілік күшеймек.

Тіркеу қалай жүзеге асады?

Өз кезегінде, депутат Айтуар Қошмамбетов елде мопед жүргізушілерінің саны көптігін, оларды тіркеу қиындық тудыруы мүмкін екенін айтты.

«Ресми деректерге сенсек, Алматыда мұндай көліктер саны 20 мыңға жеткен. Біз оларды тіркейміз деп жатырмыз. Бірақ бәрін бір мезетте тіркеу коллапс туғызбай ма? Сонымен бірге шетелден кіргізілген мұндай көлік түрлері көп. Елге ертерек кіргізілген мопедтер қалай тіркеледі?», – деп сұрады.

ІІМ бірінші орынбасары Игорь Лепеха көліктерді тіркеуді жүзеге асыруға біршама уақыт керек болатынын айтты.

«Бұл мәселені талқыладық. Заң қабылданған соң 60 күн өткеннен кейін күшіне енеді. Бұл жұмыстарды екі ай ішінде аяқтап үлгереміз деп айта алмаймын. Расымен де, үлкен ажиотаж тудыруы мүмкін. Сондықтан жұмыс тобымен көліктерді тіркеуге қатысты азаматтарға қолайлы мерзім тағайындау мәселесін қарастырып жатырмыз. Шетелден келетін мұндай көлік түрлеріне нөмір беру рәсіміне келер болсақ, заң негізінде арнайы регламент енгіземіз. Шетелден осы сипаттағы көліктер тауар ретінде кіреді. Сол үшін мұндай тауарларды ашып қарау туралы мәселені көтеріп жатырмыз. Мұндайда міндетті түрде тексеру акті құрылады. Оларда вин код болса, сол бойынша болмаса өзіміз тіркеу нөмірін береміз», – деді Лепеха.

ІІМ өкілі мопед жүргізушілері мемлекеттік баж салығын төлейтінін айтты. Ол 0,25 АЕК көлемінде бекітіледі. Мопед жүргізушілері көлігін тіркеу үшін өтініш жазып, жеке куәлігін көрсетуі керек.

Сонымен бірге қаралып жатқан заңға сәйкес мопед жүргізушілеріне А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу талабы қойылады. Заң күшіне енген соң барлық жүргізуші тиісті куәлік алуға міндетті. Депутаттар бұл да ажиотаж туғызуы мүмкін екенін айтты.

Мұндай норма не себепті енгізіліп отырғанын депутат Смышляева түсіндіріп берді.

«2009 жылы Қазақстан Жол жүру туралы халықаралық конвенцияны қабылдады. Оған сәйкес механикалық көлік түріне жатқызылған барлық көлік жүргізушісінде А1 санатындағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс. Біз мопедтерді механикалық көлік түріне жатқызғалы отырмыз. Сол себепті конвенцияа сәйкес Қазақстан бұл норманы орындауы керек»,- деді ол.

Еске сала кетсек, мопед айдайтындарға жүргізуші куәлігін алу міндеттелетінін наурызда Игорь Лепеха айтқан болатын. Сондай-ақ вице-министр бұл мәселе бойынша әкімдерге қосымша  өкілеттілік берілетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз