Арнайы ХҚКО-ларға жүргізілген жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша бюджетке түсетін түсімдер 10,6 млрд теңгеден 91,3 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде агенттік автомобильдерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру кезінде жемқорлық тәуекелдерін анықтаған.
2011 жылдан бері қолданылып келе жатқан автокөлікті тіркеу жүйесі арқылы кейбір қызметкерлер жалған деректер енгізіп, жалған құжаттар әзірлеп келген.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, агенттік 3 жыл ішінде 23 қылмыстық істі тергеп, 3 мыңнан астам заңсыз көлікті есепке қою фактілерін анықтаған. Сонымен бірге 60 мың жүргізуші куәлігі заңсыз берілгені белгілі болды. Осындай жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін агенттік арнайы ХҚКО-лардың атокөлікті тіркеу бойынша ақпараттық жүйесін ІІМ-мен интеграциялаған.
«Уәкілетті органдарға тиісті ұсынымдар енгізіліп, олардың бір бөлігі іске асырылды. Арнайы ХҚКО мен ІІМ-де автокөлікті тіркеу бойынша жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылды. Өтінімдерді рәсімдеу және қарау кезінде деректерді түзету үшін мүмкіндіктер алынып тасталды. Енді тек әкімшілік полиция комитеті өзгерістер енгізе алады»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ өтінімдерді тіркеу рәсімі жеңілдетілген. Енді автокөлік құжатын рәсімдеушіден тек ЖСН талап етіледі. Ал қалған деректер басқа ақпараттық жүйелерден автоматты түрде толтырылады. Жүйе автоматты түрде азаматтардың екінші деңгейлі банктердегі түбіртектерін, міндетті төлемдерін және айыппұлдары бар-жоғын тексеріп отырады.
Агенттік хабарлауынша, жемқорлық тәуекелдері алынып тасталған соң бюджетке түсетін түсім көлемі артқан. Мәселен, 2022 жылы 9,4 мың автокөлікті тіркегені үшін 10,6 млрд теңге түссе, 2023 жылы заңдастыруды ескере отырып, 10,2 мың автокөлік тіркеліп, одан 91,3 млрд теңге түскен. Солайша бюджетке түскен түсім 9 есе артқан.
Жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру талаптары қатайған
Сонымен бірге жүргізуші куәлігін алу үшін қашықтан емтихан тапсыру процесінен де елеулі жемқорлық тәуекелдері анықталған. Атап айтқанда, қашықтықтан емтихан тапсыру кезінде куәлік алушының орнына басқа адамдардың кіру жағдайлары жиілеген.
Бұл мәселені шешу үшін агенттік міндетті биометрия және қоғамдық бақылау үшін тікелей эфирде бейнетіркеу сынды бақылау шараларын енгізген.
Бұдан бөлек қайта емтихан тапсыру рәсімдері реттелген. Енді емтиханды қайта тапсыруға екі-ақ мүмкіндік беріледі. Азаматтар екі ретте де өте алмаса, тек үш айдан кейін қайта тапсыра алады. Ал тыйым салынған заттарды пайдаланған жағдайда бұл мерзім 6 айға дейін ұзарады.
«Жаңа ақпараттық жүйелерді енгізудің арқасында емтиханды жалған тапсыру тәуекелдерін едәуір азайтуға мүмкіндік туды. Жалпы жаңа ақпараттық жүйелерді енгізу осы саладағы барлық қызметке оң әсерін тигізді», – делінген агенттік хабарламасында.
Агенттік 2023 жылғы желтоқсанда ХҚКО қызметкерлерін жемқорлық субъектілеріне жатқызуға қатысты заңнамаға маңызды түзетулер енгізілгенін хабарлады. Түзетулер қызметкерлер тарапынан теріс қылықтар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заңнама 2025 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді.
Еске сала кетсек, Қаржы мониторингі агенттігі Көкшетау қалалық ХҚКО қызметкерінің шетел автокөліктерін заңсыз тіркеп келгенін анықтады. Арнай ХҚКО-ның бұрынғы маманы екі азаматпен алдын ала сөз байласып, жалған төлем құжаттарын қолдана отырып, алымдарды төлемей шетелден келген көліктерді бастапқы тіркеуден өткізіп отырған.