Қазақстан Үкіметі өрт оқиғалары көбейетін маусымға дайындалуда. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселесін пысықтады.
«Абай және Қостанай облыстарында болған ірі табиғи өрттердің салдары әлі де есімізде. Әрбір қызметкерді өртке қарсы арнайы киіммен, рациялармен және қажетті құрал-жабдықтармен міндетті түрде қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», — деді Қанат Бозымбаев.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі 158 мемлекеттік орман иеленушіні тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев «Семей орманы» резерваты, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары өрт қаупі жоғары кезеңге толық дайын емес деп мәлімдеді.
ЖЖМ резервінің жоқтығы, орман өрт сөндіру станциялары ғимараттарының апатты күйде тұрғаны мәлім болды. Өрт сөндіру мұнараларының жетіспеушілігі, арнайы техниканың тозуы сынды кемшіліктер анықталған. Рациялар мен арнайы киімдер де жетіспейді.
Қанат Бозымбаев былтырғы «Семей Орманы» резерватының трагедиясы қайталанбауы тиіс екенін атап өтіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
Экология министрлігі орман қоры аумағында өрттерді ерте анықтау жүйелерін орнату, орман және табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесіне көңіл бөлуі тиіс. Премьер-Министрдің орынбасары облыс әкімдеріне бір апта ішінде өртке қарсы іс-шаралар жоспарын дайындауды міндеттеді.
2022 жылдың қыркүйек айында Қостанай облысында болған алапат өрт 107,2 гектардан астам аумақты шарпыды. Облыста 43 мың га орман шаруашылығы өртке оранды. 10 адам зардап шекті, 1 адам қайтыс болды. 108 баспана жалынға оранды. Оның 98-і толықтай жанып кеткен.
Былтыр Абай облысында өршіген өрт 60 мың гектар аумақты шарпыды. 8 маусым күнгі сағат 12-лер шамасында алғашқы тұтанған аймақ өрт 3 гектар аумаққа жайылған, кейін 100 гектарға дейін күрт өскен. Осы өртпен күресте 14 орманшы қаза болды.
2024 жылдың қаңтар айында Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында кейінгі 2 жылдағы екі ірі орман өртінен Қазақстан 182 млрд теңге залал шегіп, 100 мың гектардан астам орман алқабы күйіп кеткені айтылды.
«Орманды қалпына келтіруге кем дегенде шамамен 20-30 жыл уақыт кетеді. Ал бұл шараға 150,9 млрд теңге қажет. Яғни жалпы шығын шамамен 384 млрд теңгені құрап отыр», – деп мәлімдеді сол кезде депутат Еділ Жаңбыршин.