Halyk Bank Қырғызстандағы еншілес компаниясын Forbes Kazakhstan тізіміндегі миллионерге сатты

Жарияланды
Шығарушы редактор
еншілес
Коллаж: kursiv.media

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Қырғызстандағы еншілес ұйымның 100 % акциясын сатты. Сатып алушы – Visor International DMCC инвестициялық тобының құрамына кіретін консорциум. Бұл туралы қаржы ұйымының Қазақстан қор биржасына жолданған хабарламасында жазылған.

«Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы (LSE: HSBK; KASE: HSBK, HSBKd; AIX: HSBK, HSBK.Y) Visor International DMCC инвестициялық тобының («Visor») құрамына кіретін сатып алушылар консорциумының пайдасына «Халық Банк Қырғызстан» ААҚ-тың 100% акциясын сату бойынша мәміленің аяқталғанын хабарлайды», – делінген ақпаратта

Хабарламада мәміле құны нақтыланбаған. Қырғызстан Халық банкін активтер мен кірісі бойынша орташа қатарға жатқызуға болады. Halyk Bank-тың көрші елдегі «еншілесі» көбіне корпоративті клиенттерге қызмет көрсетеді.

Келісім тарихы

Банк Қырғызстандағы еншілес ұйымын Visor тобына сататынын 2023 жылдың қараша айында хабарлады. Тараптар 3 ай Қырғызстан реттеушісінің мақұлдауын күткен.

Halyk Bank-тың басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова қырғызстандық еншілес банкті сату себебін: «Біз коммерциялық себебіне қараймыз, бұл бизнес-шешім», – деп түсіндірген еді.

2022 жылы Halyk Bank Тәжікстан мен Ресейдегі еншілес банктерін сатқанын ескеретін болсақ, Halyk Bank-тың Қырғызстаннан кетуі тосын шешім емес.

Қырғызстандағы банкті сатып алған Visor International DMCC инвестициялық тобының иесі – Forbes Kazakhstan тізіміндегі миллионер Айдан Карибжанов. Ол Forbes нұсқасы бойынша, Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің ішінде 19-шы орында тұр. Активтерінің құны 226 миллион долларға бағаланған. Visor арқылы Greencity KZ, Northern Wind Kazakhstan, Aua Energy, Aspan Energo, Sarma Energy компанияларында акцияларына иелік етеді.

Қырғызстанда Visor – «НұрТелеком» мобильді операторының иесі. Бұл компания «О!» брендімен көбірек танымал. Тап осы «О!» компаниясын дамыту үшін холдингке мобильді оператор шеңберінен шығып, Halyk-пен Қырғызстандағы банкті сатып алу туралы келісім жасау керек болды. Дегенмен бастапқыда Visor көрші республикада банк құрылымын жаңадан құруды ойластырған.

Халық банкінің негізгі акционерлері – Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Олар ALMEX холдингі арқылы банктің 56,4%-ын иеленеді. Акцияның 23,14%-ы номиналды тұлға ретінде әрекет ететін және Лондон қор биржасында сатылатын депозитарлық қолхаттарды шығаратын Bank of New York банкіне тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз