Астана соты Юбилейный-Снегиринский кен орнының қызметін тоқтату туралы актінің күшін жойды

Жарияланды
Астана соты Юбилейный-Снегиринский кен орнының қызметін тоқтату туралы актінің күшін жойды / коллаж Kursiv.media

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ШҚО-дағы Юбилейный-Снегиринский кен орнының қызметін тоқтату бойынша актінің күшін жойды.

Қалалық сот ақпаратына сүйенсек, сот ШҚО Табиғат қорғау прокуратурасының ҚР ИИДМ Юбилейный-Снегиринский кен орнын жою жобасын жарамсыз деп тану және оның қызметін тоқтату бойынша актінің күшін жою туралы істі қараған.

Сот отырысында Кіші Қарақожа өзенінің жер үсті суларының металдармен ластануы байқалып, бұл лас судың жер астына өтіп жиналып, шахта аумағы арқылы ағып жатқан сумен араласқаны анықталған.

Сондай-ақ кенішті жою кезінде жобалық құжаттаманың бұзылғаны белгілі болған. Тау жыныстарының құлау қаупі, су көздерінің, жердің ластануы қоршаған ортаға зиян келтірген.

«Белгіленген мән-жайлардың жиынтығына сүйене отырып, сот Юбилейный-Снегиринский кен орнының қызметін тоқтату бойынша актінің күшін жою туралы қорытындыға келді», – делінген сот хабарламасында.

Айта кетейік, 2001 жылдан бастап Юбилейный-Снегиринский кен орнында полиметалл кендерін өндіру туралы келісімшарт жасалған. 2014 жылғы қосымша келісімшарт бойынша барлық міндеттемені орындаушы компания ауысқан, Жаңа келісімшарт мерзімі 2018 жылдың 21 қазанына дейін жарамды болған.

2018 жылғы 20 ақпанда облыстық Экология департаментіне аталған кен орнын жою жобасы ұсынылып, департамент келіскен. Кейін уәкілетті органның бұйрығымен 2019 жылы объектіні жою жөніндегі жұмыстарды қабылдау комиссиясы құрылып, оның қызметін тоқтату туралы актіге қол қойылған. Астана соты осы актінің күшін жойды.

Осыған дейін сот Майқайың кенішіндегі апатқа қатысты сот шешімін шығарып, «Майқайыңалтын» АҚ-ны тікелей кінәлі деп таныған.

Сондай-ақ оқыңыз