«ҚазМұнайГаз», «СИБУР» және Sinopec Қазақстанда полиэтилен өндіретін зауыт салады

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан, Қытай, Ресей бірлесіп полиэтилен өндіретін зауыт салады / Фото: Shutterstock

Қазақстан, Ресей, Қытай бірлесіп Атырау облысында полиэтилен өндіретін зауыт салады. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «СИБУР» ЖШҚ Басқарма төрағасы және бас директоры Михаил Карисалов, China Petrochemical Corporation Президенті Чжао Донгтің Астанадағы кездесуінде белгілі болды.

Үш компания талқылаған жоба бойынша Атырау облысында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге қауқарлы зауыт салынады. Кәсіпорын Қарабатандағы арнайы экономикалық аймақтың аумағында Теңіз кен орнына жақын орналасады.

«Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қазақстанда ең ауқымды газ-химия жобасын табысты іске асыратынымызға сенімдімін. Бұл жоба ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие, сондай-ақ «ҚазМұнайГаздың» ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарына жауап береді», — деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Айта кетейік, ҚМГ, СИБУР және Sinopec полиэтилен өндіру жөніндегі жобаға қатысу үлесін сатып алу-сату шарттарына былтыр 17 қазанда Бейжің қаласында Қазақстан Президенті қатысқан жиында қол қойған.

Полиэтилен құбырлар, құрылыс және орау материалдары, автокомпоненттер сынды тұрмыстық, өнеркәсіптік өнімдер мен тауарлар өндірісінде қолданылады. 2022 жылы әлемде полиэтиленге сұраныс 112 млн тоннаны құрады. Wood MacKenzie консалтингтік компаниясының болжамынша 2050 жылға қарай әлемдік сұраныс 200 млн тоннаға жетуі мүмкін.

Зауыт өндірісінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының серіктесі болуға ниетті Sinopec — әлем бойынша BASF компаниясынан кейінгі ірі химиялық компания, вертикалды интеграцияланған энергетика және мұнай химия корпорациясы. Компаниялардың жылдық кірісі негізінде жасалатын Fortune Global 500 рейтингінде 2023 жылы Sinopec алтыншы орынға ие болды.

Ал ресейлік «СИБУР Холдинг» — полимерлер мен резеңке өндіретін ірі  мұнай-газ химия холдингі.

Айта кетейік, бұған дейін «ҚазМұнайГаз» полиэтилен өндіру бойынша миллиардтаған долларлық жобаны әзірлеп жатқан «Силлено» компаниясынан шыққаны туралы хабарлаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз