Каспий түбінде мұнай құбырын салу мүмкіндігі зерттеледі – Энергетика министрлігі

Жарияланды
Энергетика министрлігі Каспий түбінде мұнай құбырын салу мәселесін зерттеп жатыр / Фото: kursiv.media

Энергетика министрлігі Атыраудан Құрыққа дейін мұнай құбырын салуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге министрлік Каспий түбінде мұнай құбырын салу мүмкіндігін зерттемек. Бұл жайлы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Орта мерзімді перспективада Атыраудан Құрыққа дейін мұнай құбырын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ Каспий түбінде мұнай құбырын салу мүмкіндігі зерттелетін болады», – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік Транскаспий теңіз мұнайын тасымалдауды жылына 7 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндіктері бар екенін хабарлайды. Бұл көлем Ақтау портының қолданыстағы қуаттылығына сәйкес келеді. Мұндай көрсеткіштерге жету үшін мұнай тасымалдайтын 2 мың тонналық 10-ға жуық жаңа дедвейт танкері қажет болады.

Сондай-ақ министрлік қысқа мерзімді перспективада КҚК экспорттық бағытын ауыстырудың толыққанды баламасы жоқ екенін мәлімдеген. Өйткені жылына 70,5 млн тоннаны құрайтын экспорттың жалпы көлемінің 80%-ы осы КҚК арқылы өтеді.

Министрлік хабарлауынша, мемлекет басшысының экспорттың қосымша бағыттарын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдар мен компаниялардың қатысуымен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту жөніндегі жұмыс тобы құрылған.

Сондай-ақ осы бағытты дамыту мақсатында 2023 жылғы маусымда ҚМГ мен SOCAR Әзірбайжан Республикасының аумағы арқылы Қазақстан мұнайын транзиттеу жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған.

Меморандум шеңберінде ҚМГ мен SOCAR арасында жол картасын әзірленген. Оның негізінде Әзірбайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін ұлғайту, сондай-ақ Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы жылына 1,5 млн тонна көлемінде қазақстандық мұнайды тасымалдау жөніндегі уағдаластық қамтамасыз етілген. Нәтижесінде мұнай айдау көлемі шамамен 1 млн тоннаға дейін көтерілген.

«2024 жылғы наурызда ҚМГ мен SOCAR арасында Әзірбайжан Республикасы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісімге қол қойды. Әзірбайжан тарапымен жылына 5 млн тоннаға дейінгі көлемде Баку-Супса мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау мүмкіндігін қарау бойынша мәселе пысықталуда»,- делінген министрлік хабарламасында.

Еске сала кетсек, бүгін министрлік су тасқынына байланысты 600-ден аса мұнай ұңғымасы жұмысын тоқтатқанын хабарлады. Бірақ бұл жанар-жағармай бағасының көтерілуіне алып келмейтінін мәлімдеді. Десе де болашақта, бағалар ЕАЭО елдерімен теңестірілуі мүмкін.

Сонымен бірге министрлік елдегі су тасқынына байланысты жанар-жағармай тапшылығы туындамайтынын да хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз