Тасқын судан зардап шеккен кредиттік берешегі бар тұрғындардың біржолғы төлемін банктер ұстап қалған – депутат

Жарияланды
тасқын судан
Тасқын судан зардап шеккен кейбір тұрғындар шығынын дәлелдей алмайды / Фото: kursiv.media

Сенат отырысында депутат Әсем Рахметова премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, тасқын судан зардап шеккендерге келген залалды өтеу қағидаларына өзгеріс енгізуді сұрады. Айтуынша, өңірлерде үйінің құжатын рәсімдеп үлгермеген және шығынын құжат жүзінде дәлелдей алмайтын тұрғындар бар.

Естеріңізде болса, президент тасқын судан зардап шеккен адамдардың бірде-біреуі ескерусіз қалмайтынын айтты. Сондай-ақ қаржылық және басқа да көмек берілетінін, материалдық шығындар толық өтелетінін мәлімдеді. Алайда осы көмек кейбір зардап шеккен адамдарға бұйырмай қалуы мүмкін. Депутат оның себептерін атады.

«Қазір облыстарда біржолғы өтемақы мен келтірілген шығын бойынша төлемдер жасауға құжаттар қабылдануда. Зардап шеккендермен кездесу барысында жергілікіті тұрғындар депутаттарға өтемақы алу бойынша біраз түйткілді мәселелерді жеткізді. Мәселен, үйлері құлап немесе су шайып кеткендер үшін материалдық шығынды дәлелдеу қиындық туғызады. Олардың ішінде үйлерін, қора-жайларын салып, бірақ жылжымайтын мүлікті тіркеп үлгермегендер де бар. Бау-бақша серіктестіктерінде тұрып жатқандар қазірдің өзінде «мемлекеттен берілетін материалдық көмектен қағыламыз ба?» деп алаңдаулы», – деді депутат.

Сонымен бірге мемлекет көмегі су басқан елдімекендердегі үйлерде жалға тұратын адамдарға да берілмейді. Ал төленіп жатқан бір реттік төлем берілген күннің өзінде барлық тұрғынға бұйырмаған. Депутат берешегі көп тұрғындардың төлемін бұғатталған шоттардан банктер кредиттік қарызды жабуға ұстап жатқанын айтты.

«Үйлері суда тұрған, өздері эвакуациялық пунктерде бас сауғалаған тұрғындар осы мәселелердің оң шешімін күтуде»,  – дейді Рахметова.

Осыған байланысты депутат Олжас Бектеновтен табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге зиянды өтеу қағидаларына мынадай өзгерістер енгізуді ұсынды:

  • Су тасқыны кезінде толық жойылу немесе жоғалау себебінен бағалау жүргізу мүмкін емес, тұрғын үйге келтірілген залалды өтеу тетігін әзірлеуді;
  • Тұрғын үйге жатқызылмайтын құрылыстарға – шаруашылық құрылыстар, монша және мүлікке келтірілген, оның ішінде су тасқыны кезінде жоғалған залалдың орнын толтыру тетігін іске қосуды;
  • Саяжайларға тіркелген және онда тұратын азаматтарға келітірілген залалды өтеу тетігін қарастыруды;
  • Зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеуге құжаттарды тапсыру мерзімін күнтізбелік 30 күннен 60 күнге дейін ұзартуды;
  • Одан бөлек су тасқынынан зардап шеккен жеке және мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілетін үйлерде тұратын азаматтарға біржолғы өтемақы материалдық шығын өтеу тәртібін айқындауды;
  • Зардап шеккен азаматтар үшін тұрғын үй сатып алуды немесе салуды су басуға бейім аймақтардан тыс жерлерде жүзеге асыруды;
  • Ал шоттары бұғатталған тұрғындарға бір реттік төлем беру үшін арнайы шот ашу тетігін қарастыруды ұсынды.

Өтемақы төлеу алгоритмі

Еске сала кетсек, үкімет тасқын судан зардап шеккендерге өтемақы беру алгоритмін әзірледі.  Алгоритмге сәйкес шығынды өтеуге апат басталған күннен бастап, күнтізбелік 30 күн ішінде өтініш білдіру керек.

Әкімдік өтініш тіркелген күннен бастап 10 күн ішінде бағалаушы көмегімен келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Жәбірленуші бағалау жүргізілетін уақыт пен орынды анықтайды. Кейін жәбірленушіге бағалау туралы есеп танысуға беріледі.

Әкімдік бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде аражат бөлу туралы шешім қабылдайды. Ол облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның т.б. бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі.

Мұндай шешім шыққан соң, зардап шеккендерге күнтізбелік 30 күн ішінде төленеді.

Сондай-ақ оқыңыз