Париж Олимпиадасы: Ұлттық құрама спортшыларының киімін Испания компаниясы тігетін болды

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Париж Олимпиадасына баратын Ұлттық құрама спортшыларының формасын испан компаниясы тігетін болды. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.

«Форма сапалы болады деп сенеміз. Себебі қаңтарда үлкен комиссия құрылды. Оның ішінде 25 адам болды. Комиссия құрамына әлем және Олимпиада чемпиондары, қоғам белсенділері енді. Бірінші кезеңде 8 дизайнер қатысты. Нәтижесінде 6 форманың эскизін таңдап алдық. Алайда оның арасында дұрыс форма болмады. Сондықтан екінші кезеңін ұйымдастырдық. Нәтижесінде сіздерге көрсеткен форманы таңдап алдық», – деді Ермек Маржықпаев.

Ұлттық құрамаға арналған киім үлгісінің жеңімпаздары анықталды / Фото: Туризм және спорт министрлігі

Министр Қазақстан құрамасының Олимпиадаға арналған киімдерін тігуге мемлекеттен қаржы бөлінбейтінін мәлімдеді. Спортшыларға арналған киім толықтай демеушілердің есебінен тігіледі.

«Киім сапалы болады. Спорт киімін Испанияның Joma компаниясы тігеді. Қаржы демеушілер есебінен болады. Жалпы қазір қанша қаржы жұмсалатынын айта алмаймыз. Әзірге нақты соманы білмейміз, есептеп жатырмыз. Алдымен Париж Олимпиадасына қанша спортшымыз жолдама алатынын нақтылап алайық. Қазір қанжығамызда 32 лицензия бар. Ол – 31 адам. Тағы 50-70 лицензия аламыз деген сенім бар. Осыған байланысты қанша қаржы керектігін қарастырамыз», – деді министр.

Бүгінде Ұлттық құрамаға арналған киім үлгілеріне конкурс аяқталған. Комиссия мүшелерінің шешімімен 3 номинация бойынша 2 жеңімпаз анықталды. Олар: «Спорттық форма» номинациясы – Health&Sport ЖК; «Салтанатты спорттық форма» – ЖШС «Эксклюзив студио»; «Ту ұстаушылардың спорттық формасы» – ЖШС «Эксклюзив студио».

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутаттарға Париж Олимпиадасына киіп баратын киім үлгілерін таныстырды.

Комитет төрағасының сөзінше, спортшыларға Joma шетелдік брендінен 16 нұсқалы толық спорттық жабдық алынады. Киімдер Олимпиада ойындарының басталуына 35 күн қалғанда таратылады.

«Ең бірінші нұсқа — Ту ұстап шығатын Асланбек Шымбергенов пен Надежда Дубовицкаяның киімі. Екеуі де ұлттық нақышта тігіледі. Ер адамның киімінде бөрік болса, қызда сәукеле бар. Арнайы комиссияға 15 ұйымның өтінімі түсті. Сол 15 өтінімнен таңдап алынды. Ал қалған спортшыларымыз парадқа киіп шығатын форма классикалық үлгіде болады. Ол кезде Парижде 40 градусқа дейін ыстық болатынын білесіздер. Ауаның ылғалы да жоғары. Сондықтан арнайы матадан жеңсіз нұсқасы тігіледі. Ер спортшылардың басында тақия, қыздар формасының бір үлгісінде шалбар, екінші нұсқасында юбка болады. Екі нұсқасы да болады», — деді ол.

Комитет басшысы марапаттау рәсіміне арналған бөлек киім үлгісі болатынын айтты.

«Бұған дейін спорт формасы мен парадтық спорт формасы біреу болатын. Қазір біз спортшыларға ыңғайлы болу үшін шетелдік бренд Joma-дан толық 16 нұсқалы киім алып береміз. Оны спортшылар жолда, дайындық кезінде киеді. Бұл өзі жақсы матадан жасалған, халықаралық бренд», — деді Ербол Мырзабосынов.

Айта кетейік, Қазақстан Ұлттық құрамасының Париж Олимпиадасына арналған киім үлгілеріне конкурс қайтадан жарияланғанын бұған дейін жазған едік. Ұлттық құраманың киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеу конкурсында ешбір қатысушының эскизі комиссия мүшелерінің көңілінен шықпаған.

«Осыған дейінгі ақпан айында басталған Қазақстан Ұлттық құрамасының киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеуге арналған конкурста қатысушылардың ешбір эскизі комиссия мүшелерінің көңілінен шықпауына байланысты Комиссия 1-ші конкурсты өтпеді деп шешім шығарды», – делінген  хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз