Қазақстан уинверситеттерінде жұмыс істейтін шетелдік ғалымдарға 1 млн төңірегінде жалақы төленеді. Ал қазақ ғалымдарының жалақысы қанша?

Жарияланды
Қазақстанға оралған шетелдік ғалымдарға университеттер қанша төлейді?/ Фото: shutterstock

Қазақстан университеттеріне жыл сайын 100-ден астам шетелдік ғалымдар келіп, жұмыс жасайды. Оларға оқу орындары 1 миллионға жуық жалақы төлейді.  Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки айтты.

Вице-министр Қазақстандағы ғылыми зертханалардың материалдық техникалық әлеуетін нығайту мақсатында қаржыландыру жылда бөлініп отыратынын мәлімдеді.

«Екі бағытта жұмыс жасалуда.  Алғашқысында материалды-техникалық  жабдықтау. Соңғы жылдары біздегі ғылыми мекемелерге 1 миллиардтан астам қаржы бөлінді.  Жалпы үшжылдықтың ішінде 600 миллиардтан астам қаржы көзделген. Соның ішінде 20-30 пайызы керекті материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етуге көзделген«,-деді вице-министр Сенат кулуарында.

Сондай-ақ вице-министр отандық ғалымдардың шетелдік әріптестерімен бірлесе жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасаймыз деп түсіндірді.

«Екіншісі, ғылыми ортаны қамтамасыз ету керек. Яғни өзіміздің ғалымдарымыз  толыққанды әлемдегі серіктерстерімен бірге жұмыс жасау үшін  конференцияларға барады, бірге жұмыс жасайды, бастамаларды жүзеге асырады. Қай кезеңде қайтіп келеді дегенге келсек?!  Оны ынталандырудың  бір жолы бюджеттік қаржыландыру бар.  Ғалымдарды шақыру степендиясы деп атаймыз. Қазіргі таңда 100-ден астам  шетелден келген ғалымдар біздің университеттерде  жұмыс істейді.  Соның көпшілігі Қазақстанда жағдай жасалғанын көре тұра  бізге жұмыс істеуге келеді. Биология-химия саласында бұл жағынан баяғыдан тәжірибеміз бар»,- деді ол.

Дархан Ахмед-Заки қазақстандық және шетелдік ғалымдардың жалақы мөлшерін де атады.

«Қазіргі таңда орташа жалақыны қарайтын болсақ, ғалымдарымыздың орташа жалақысы шамамен 250 мың  теңге. Профессор, докторлық қосымша тәжірибесі болатын болса  500-600 мыңға дейін барады. Бұл Қазақстан деңгейіндегі ғылыми жұмысты еркін жұмыс жасауына жеткілікті  дейтін болсақ, шетелден келетін ғалымдарға әр университет өзінің жеке қаржыландыру бюджетін бөледі. Мен білсем 1 миллион шамасындағы қаржыландыру. Бұл жалақы шетелдік ғалымдарға жеткілікті. Оған қосымша әлеуметтік қолдаулар да бар. Қазіргі таңда өзіміздің зерттеу университетінде жұмыс жасап жатқан шетелдік ғалымдарымыз бар. Олар көп пайызды құрамаса да, өзіміздің жергілікті ғалымдармен бірге жұмыс жасауға септігін тигізеді. Олар 1-3  айлық қысқа мерзімге келуі мүмкін»,- деп толықтырды Дархан Ахмет Заки.

Дархан Ахмед-Заки соңғы статистикаға тоқталды. Айтуынша, 100-200 ден астам шетелдік ғалымдар қазіргі уақытта Қазақстан университеттерінде жұмыс істейді.

Мәжіліс депутаттары 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылаған кезде қазақстандықтардың кейбір санатының жалақысын арттыруды да айтқан болатын. Соның ішінде 616 жетекші ғалымның еңбекақысын арттыруға бюджеттен 242 млрд теңге бөлінетіні хабарланды. 

Айрықша назар ғылымға бөлінеді

Бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайылов ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарын талқылау үшін 2023 жылдың соңында Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысын өткізген еді. Отырыста ғылым, білім жүйесі мен инфрақұрылымға қатысты 80-ге жуық көрсеткіш қамтылған. Осылайша Цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім министрліктері еліміздің халықаралық аренадағы позицияларын жақсарту үшін ғалымдарға қажетті жағдай жасау және инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыруы керек деген тапсырма берген. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылымды дамытуға қатысты алты басым бағыт әзірленгенін жеткізді. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздікке баса назар аударылмақ. Сонымен қатар       «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану», «Энергия, озық материалдар және көлік», «Озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар», «Елдің зияткерлік әлеуеті», «Өмір және денсаулық туралы ғылым» және «Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту» бағыттары енді.

Алдағы жылдары ғылымға 640 млрд теңге бөлінеді. Сонымен бірге жас ғалымдарды қолдау механизмдері де іске қосылып жатыр. Оның ішінде академиялық дәреже үшін ақы төлеу, әлеуметтік қолдау механизмдерінің көмегімен үй алу бар. Былтыр жыл соңында «Отбасы банкпен» бірлесіп, қанатқақты жоба да басталған еді. Яғни мыңға тарта жас ғалымға жеңілдетілген шарттармен үй алуға мүмкіндік беріледі. 

Сондай-ақ оқыңыз