Жаңалықтар

Қазақстанның барлық әуежайында жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру енгізіледі

Қазақстанның барлық әуежайында жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру енгізіледі / shutterstock

Қазақстандағы барлық әуежайда жолаушыларды рейске отырғызу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізіледі.

«Жолаушылар тасымалы саласында электрондық билеттерді сатып алу, онлайн-брондау және цифрлық құжаттар қызметтерін пайдалану қалыпты құбылысқа айналды. Ендігі кезекте цифрландырудың келесі қадамы рейске отырғызу кезінде жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру болуы тиіс. Бұл әуежайларда жолаушыларды отырғызу процесін бірнеше есе жеңілдетеді және тездетеді», – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.

Ведомство ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы биометрия пилоттық жоба ретінде елордалық әуежайда енгізілген. Алдағы уақытта пилоттық жоба оң нәтижелерін көрсеткен болса, Қазақстанның барлық әуежайына енгізілетін болады.

Министрлік қазірдің өзінде жүк авиатасымалдары саласындағы бизнес-процестерді оңтайландыру мақсатында E-freight ақпараттық жүйесі сәтті енгізіліп, жұмыс істеп тұрғанын жазады. Оған елдегі барлық әуежайлар мен әуе компаниялары қосылған.

Осыған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биометриялық сәйкестендіру бойынша электрондық цифрлық қолтаңба және бұлтты электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін алу алгоритмін әзірлеген.

Электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін алудың балама шешімін ұсынатын бұл жоба әзірге пилоттық режимде жүргізіледі. Құжатта Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландырушы орталығының ресми сайты арқылы қашықтықтан сәйкестендіру бойынша ЭЦҚ алуға арналған пилоттық жоба 2024 жылғы 4 наурыздан 2025 жылғы 4 наурызға дейін жүзеге асырылатыны жазылған.