Бишімбаев ісін қарап жатқан судьяны қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Жарияланды
Бишімбаев ісін қарап жатқан судьяны қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды / Фото: Асқар Ахметуллин

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісін қарап жатқан судья Айжан Құлбаеваны қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жоғарғы сот ақпаратына сүйенсек, Астана қаласының полиция департаменті судья Құлбаеваға қатысты қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары келіп түскен. 

«Қылмыстық кодекстің 407-бабының 1-бөлігі (Сот төрелiгiн жүзеге асыруға кедергi жасау мақсатында соттың қызметiне араласу) бойынша сотқа дейінгі Іс жүргізу басталды», – делінген хабарламада.

Жоғарғы сот қазіргі таңда судья жеке қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілгенін хабарлады.

Бұдан бөлек, полиция интернет кеңістігінде мониторинг жүргізіп, судьяға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеттері бар көптеген жағымсыз жарияланымды анықтаған. Мониторинг нәтижесінде тергеу органы Қылмыстық кодекстің 411-бабының 1-бөлігі (Судьяға жала жабу) бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Айта кетейік, Қазақстанда сот төрелігін жүзеге асыру процесіне, оның ішінде судьяның атына жала жабу немесе қорқыту сипатындағы материалдарды жариялау жолымен, ықпал етуге тыйым салынған.

Іс туралы

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Сондай-ақ, Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

11 наурызда өткен сотта Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Бірақ бұл айыптармен келіспеген ол істі алқабилердің қатысуы және ашық режимді қарауды сұрады.

12 сәуірде Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Қасымжанов судья Айжан Құлбаеваның істі әрі қарай қарауына қарсылық білдірген. Сот отырысы уақытша тоқтатылып, алқа билер сот залынан үзіліске шыққан. Алайда бұл өтінішті қарастырған судья Сейфулла Тасымбетов қорғаушы тараптың қарсылық білдіру өтінішін қанағаттандырусыз қалдырған.

Сондай-ақ оқыңыз