«Қазақстан халқына» қорына су тасқынынан зардап шеккендерге қаражат жинау 30 сәуірге дейін жалғасады

Жарияланды
Қазақстан халқына қорына
Қазақстан халқына қорына заңды және жеке тұлғалардан 3 аптада 2,54 млрд теңге жылу жиналған / Фото: kursiv.media

«Қазақстан халқына» қорына су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке 2,54 млрд теңге түскен. Бұл жайлы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

«2024 жылғы 19 сәуірдегі жағдай бойынша азаматтар мен компаниялардан 2,54 млрд теңге жиналды. Зардап шеккендерге қаражат жинау 30 сәуірге дейін жалғасады, барлық жиналған қаражат ауылда апаттан қираған үйлердің орнына үй салуға жұмсалады»,- делінген қор хабарламасында.

Қордың хабарлауынша, мыңдаған азамат мүмкіндігіне қарай түрлі сомада көмек жіберген. Қайырымдылыққа деп берілген қаражатты шетелде тұратын Қазақстан азаматтары, шетелдіктер мен шетелдік компанияларда да жіберген.

Сонымен бірге су тасқынынан зардап шеккендерге жәрдем ретінде экономиканың әртүрлі салаларынан да қаражат аударылған. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар, мемлекеттік компаниялар, жеке кәсіпкерлер бір күндік жалақысын жіберген.

Осы орайда «Қазақстан халқына» қоры мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі бастамасын қолдаған азаматтар мен кәсіпкерлерге алғысын білдірген.

Еске салайық, наурыз айының соңында қордың су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 5 млрд теңге бөлетіні хабарланды. Ал 9 сәуір күні қордың қосымша 5 млрд бөліп, жалпы соманы 10 млрд теңгеге жеткізетіні белгілі болды. Сонымен бірге «Қазақстан халқына» қоры 1-30 сәуір аралығында заңды және жеке тұлғалардан түсетін қайырымдылық қаражаты толығымен зардап шеккендерге берілетінін мәлімдеді.

Сонымен бірге «Самұрық-қазына» компаниялар тобы Қазақстандағы су тасқынының салдарын жоюға 15 млрд теңге бөледі. Бұл жайлы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді. Бұл қаражат бірыңғай қайырымдылық операторы Samruk-Kazyna Trust арқылы жіберіледі.

Айта кетейік, «Курсив» су тасқынынан зардап шеккендерге елдегі компаниялардан бөлінген қаражатқа қатысты арнайы инфографика дайындады. Ол деректермен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.

Сондай-ақ оқыңыз