Жаңалықтар

Сұраныс бойынша медицина маманы ауылда бес жыл жұмыс істесе, оған 8,5 млн теңге бір реттік төлем беріледі. Жаңа заңда тағы басқа не қарастырылды?

медицина
kursiv.media

Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Заңда медицина қызметкерлерін құқықтық тұрғыдан қорғау және қаржылай қолдау шаралары қарастырылды. Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі енгізілді (Заң ресми жарияланғаннан кейін 6 ай өткен соң қолданысқа енеді).

Медицина қызметкерлерінің мәртебесі нығая түспек

Заңда медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған  түзетулер қабылданды:

  • тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға балаларын басым тәртіппен орналастыру;
  • кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғау, мамандығына құрметпен қарау;
  • медициналық мамандығы бойынша әскери қызметін өткеру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқықтары берілді;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы – мемлекеттік наградасы белгіленді;
  • Басы артық есеп немесе ақпарат беруден босату үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бұдан былай медицина қызметкерлері толтыруға міндетті құжаттама тізбесін бекітеді;
  • Аса тапшы мамандықты меңгерген медицина қызметкерлері ауылдық жерге кемінде 5 жыл жұмыс істеуге келген жағдайда, оған ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде бірреттік ақшалай төлем (8 500 000 теңге) беріледі.

Бұдан бөлек, жаңа заңда жастардың құрамында никотині бар заттарды тұтуына тыйым салу, оған тосқауыл қою мәселесі де қамтылды. Шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу қарастырылған (Бұл норма ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Қызмет сапасын жақсарту ұсынылды

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесіне жарна мен аударымдарды есептеу үшін ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) 10-нан 50-ге дейін ұлғайтуды ұсынды. Егер заң жобасы қабылданса, бұл өзгерістер жұмысшылардың жалпы санының 9%-на әсер етуі мүмкін. Өкілдік денсаулық сақтау саласының қаржыландырылмауына байланысты төлемдердің бес есе өсуі қажет екенін түсіндірді.

Былтыр елдегі денсаулық сақтау саласына 2,6 триллион теңге бөлінген. Дегенмен халықтың медициналық қызмет сапасына көңіл толмайтынын заң жобасы талқыланған кезде Сенат спикері Мәулен Әшімбаев айтты. 2023 жылы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнамада респонденттердің 56 пайызы жедел медициналық көмек көрсетуді сынаған. Әшімбаев Қазақстан медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметін сақтандырудың жаңа жүйесіне көшсе, онда олардың қызметін тәуелсіз бағалау жүйесін құру өте маңызды екенін айтты.