Тасқын судан бүлінген дүние-мүлік үшін өтемақы беріледі. Диқандарға қаржылай көмек ұсынылмақ

Жарияланды (жаңартылды )
Мүліктік залалды өтеу, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қаржылай көмек беру алгоритмі дайындалады/ primeminister.kz

Үкімет жуырда су тасқынынан зардап шеккен диқандарды қолдау шараларын іске қосады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қаржылай көмек алгоритрмі ұсынылады.

Одан бөлек бірінші қажеттіліктегі мүлік үшін залалды өтеу алгоритмі дайындалады. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қ. Бозымбаев салалық министрліктерге екі күнде залалды өтеуге байланысты нақты тетіктерді көрсетуді  тапсырды. 

Мұндай мүліктің тізіміне:

  • тамақ сақтауға және дайындауға арналған заттар,
  • тамақ ішуге және ұйықтауға арналған жиһаз заттары,
  • азаматтарды ақпараттандыру құралдарының заттары,
  • сумен жабдықтау және жылыту құралдары кіреді. 

Бұл өтемақыны жергілікті атқарушы органдар бюджет және бюджеттен тыс қаражаттан қарастырады.

Бұған дейін Үкімет су тасқынынан зардап шеккен азаматтар мемлекеттен қандай көмек күте алады деген жадынама жариялады. 

Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидаларын әзірледі. ҚР сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сақтандырылған мүлікті қоспағанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі жойылған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу жолымен жүргізіледі.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде мал шығыны үшін өтемақы нарықтағы баға шеңберінде беріледі. Төрт-түлік малдың нарықтағы бағасы әр өңірде әртүрлі. Өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған нарықтық құн негізінде анықталады. 

Қазақстан үкіметі төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларына өзгеріс енгізді. Яки төтенше жағдайға байланысты баспанасыз қалған азаматтар мемлекет берген үйден бас тартып, өздері жаңадан сала алады.

Елдегі 5 803 отбасына 100 АЕК немесе 369 200 теңге көлемінде жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам біржолғы төлем берілді. 877 отбасына материалдық шығын үшін жалпы 380 млн теңге өтемақы төленді. Суға кеткен мал ақысын сұрағандарға 38,9 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ оқыңыз