Жаңалықтар

Неміс компаниясы Алматыда ультра жеңіл ұшақтар шығармақ. «Flight Design GmbH» пен «Вираж» компаниялар тобы бірлескен кәсіпорын құрады

Фридрихсхафен әуежайында өткен көрмеге 700 компания қатысты / invest.gov.kz

Германиялық Flight Design компаниясы Қазақстанда CT сериялы аса жеңіл ұшақтар шығаруды жоспарлап отырғандарын хабарлады. Бұл жайында Фридрихсхафен қаласында өткен «Flight Design GmbH» және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның бірлескен баспасөз конференциясында мәлім болды. Шара «AERO Friedrichshafen» жалпы мақсаттағы авиацияның 30-шы көрмесінің алаңында ұйымдастырылды.

Flight Design бас директоры Даниэль Гюнтердің айтуынша, ұшақтар шығару жобасы Алматы қаласының арнаулы экономикалық аумағында жүзеге асады. Қазақстандағы «Вираж» компаниялар тобымен бірге неміс компаниясы «Flight Design Kazakhstan» бірлескен кәсіпорнын құрады. Ұшақтар жергілікті және шетелдік нарықтарда сатылмақ.

Flight Design – 25 жылдан астам тәжірибесі бар, ультра жеңіл ұшақтар өндірісінің көшбасшысы. Компанияның экспортқа бағдарланған өнімдері уәкілетті дилерлердің халықаралық желісі шеңберінде сатылады. Бүгінгі таңда компанияның ұшақтары әлемнің 40-тан астам елінде ұшады.

KAZAKH INVEST-тің Германиядағы ресми өкілі Сәкен Олжабаев  Қазақстандағы шетелдік компанияларды қолдау шаралары туралы баяндады. Ол қатысушыларды еліміздің арнайы экономикалық аймақтарының артықшылығы және табысты іске асырылған қазақстандық-германдық жобалар туралы хабардар етті. Өз сөзінің соңында өкіл қатысушыларды Қазақстанда авиациялық жобаларды іске асыруға шақырды.

Фридрихсхафен әуежайында орналасқан әлемдегі ең заманауи көрме орталықтарының бірінде 38 елден 700-ден астам компания саланың соңғы өнімдерін ұсынды. Еуропадағы ең үлкен көрмеге 35000-нан астам адам қатысты.

Германия – Қазақстан Республикасының импорттағы негізгі әріптес елдердің бірі. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, Ресей (28%) мен Қытайдан (25,7%) кейін импорт өнімін жеткізушілердің қатарында  Германия (5,3%) тұр.

Қазақстандағы деректерге сәйкес, 2023 жылы неміс инвестицияларының көлемі  770 млн АҚШ долларын құраған.

Қазақстан серіктестерімен «Дружба» магистральдық мұнай құбыры арқылы Германияға мұнай экспортын ұлғайтпақ. Биылғыға жоспарланған 1,2 миллион тонна шикізат көлемін 2 миллион тоннаға дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл жайында Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев хабарлады.