Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі ретінде есепте тұрған Қазақстан азаматын ұстады. Бұл жайлы Қырғызстын ҰҚМК баспасөз қызметі хабарлаған.
Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне қылмыстық құрамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы іс-қимыл барысында Қырғыз Республикасының аумағында бірқатар ауыр қылмыстарды, соның ішінде тонауды көздеген шетелдік азаматтың жасырынып жүргені туралы ақпарат келіп түскен.
Жедел-іздестіру шаралары аясында бірнеше рет сотталған 1990 жылы туған Қазақстан азаматы анықталып ұсталған.
Құзырлы органның хабарлауынша, ол 2022 жылдың қараша айынан бастап Қазақстанның құқық қорғау органдарының халықаралық іздеуінде болған.
Жазадан құтылуды көздеген ер адам 2023 жылдың күзінде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, Қырғыз Республикасының аумағында жасырынған.
«Қазіргі уақытта азамат С.А.А. Қырғызстан Республикасы Әділет министрлігіне қарасты ІІМ 21 мекемесіне орналастырылды, тергеу жүріп жатыр», – делінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.
Еске сала кетсек, 4 қыркүйек күні Қырғызстанда арнайы операция кезінде қылмыстық топ жетекшісі Қамчыбек Көлбаевтың қайтыс болған туралы ақпарат тарады. Көлбаев 1974 жылы Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласында дүниеге келген. 2000 жылы ол өзінің бұрынғы бастығын өлтіруге оқталғаны және екі адамды өлтіргені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған. Алты жыл жазасын өтеп, кейін түрмеден қашып кеткен.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, кейінірек Мәскеуде жүріп қылмыс әлемінің серкесі атанған. Көлбаев Қазақстан аумағында да трансұлттық қылмыстық ұйым құрды деген күдікке ілінген. Бірақ қылмыстық мерзімі ескіргендіктен жауапқа тартылмаған.
Ал осы жылдың наурызында Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов Бакуден Бішкекке экстрадицияланды. Онымен бірге «Ошгаз» кәсіпорны директорының бұрынғы орынбасары Тілек Матраимов та ұсталған.