Тасқын судан кейін санитарлық жағдай нашарламау үшін қандай шаралар атқарылады – Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді

Жарияланды (жаңартылды )
санитарлық
Су басқан өңірлерде санитарлық жағдайда қалпын келтіру жұмыстарын жергілікті әкімдіктер жүргізуі керек / Фото: ТЖМ

Денсаулық сақтау министрлігі «Курсивке» су тасқынынан кейін өңірлердегі санитарлық эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауын болдырмау үшін не істеу қажеттігін айтып берді.

Министрліктің хабарлауынша, су тасқыны аймағында халық арасында инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу және Қазақстан Республикасының аумағында санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 4 сәуірде № 3 «Су тасқыны кезеңінде санитариялық-профилактикалық іс-шараларды күшейту туралы» қаулысы қабылданған.

Өңірлерде санитарлық жағдайды қалпына келтіру қалай жүзеге асырылады?

Қаулыға сәйкес, су тасқынына байланысты елдімекендерге жиналып қалған қоқыс қалдықтарын жергілікті атқарушы органдар тазалауы керек.

«Қаулыда жергілікті атқарушы органдарға су тасқыны жағдайын тұрақтандыру кезінде арнайы бөлінген учаскелерде жиналған қалдықтарды кәдеге жарата отырып, елдімекендердің аумақтарын – жеке үй иеліктері, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары, зираттар, контейнерлік алаңдар және басқа да объектілерді санитариялық тазалауды қамтамасыз ету ұсынылған», – делінген министрлік жауабында.

Министрлік жергілікті әкімдік осы талаптарды дұрыс орындаған жағдайда тұрғындардың денсаулығына қауіп төнбейтінін жеткізді.

Сонымен бірге өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды бақылау мақсатында әрі өңірдегі эвакуациялық пунктерде адамдардың денсаулығы медицилық бақылауға алынғаны айтылған. Министрлік су тасқыны жағдайы тұрақтанғаннан кейін де үйіне оралған тұрғындарға медициналық бақылау жүргізіліп, азаматтардың қажет жағдайда тұрғылықты мекенжайы бойынша тиісті медициналық көмекке жүгіне алатынын хабарлайды.

Сонымен бірге су басқан өңір халқына Денсаулық министрлігі су тиген азық-түлікті пайдалануға болмайтынын ескертеді.

«Тасқын су тиген азық-түліктерді пайдалануға қатаң түрде тыйым салынады және
тұрмыстық заттарды дезинфекциялық құралдармен залалсыздандырғаннан кейін пайдаланған дұрыс болады», – делінген министрліктің «Курсивке» берген жауабында.

ЖАО санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтай отырып, су басқан елдімекендерде су құбыры жүйелері мен құрылыстарын, орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйелерін тазалау және дезинфекциялау, септиктер мен аула қондырғыларын дезинфекциялауды және жиналған қалдықтарды арнайы бөлінген учаскелерде жою арқылы елдімекендердегі аумақты санитариялық тазартуды қамтамасыз етуі керек.

Жергілікті атқарушы органдар су тасқынынан кейін жиналған қалдықтармен қатар елдімекендердегі зираттар мен ауыл маңына санитариялық тазарту жүргізіп, тұрғындардың жануарлардың өлекселерімен байланысуына жол бермеуі керек. Өлі жануарлар денесін алшақтау орындарға апарып көму ұсынылған.

Экологиялық жағдай қалай реттеледі?

Сонымен бірге су тасқынынан кейін елдімекендердегі экологиялық жағдайды қалпына келтіру шаралары жөнінде Экология министрлігіне де сауал жолдағанбыз. Министрлік елдегі экологиялық жағдайды қалпына келтіру шараларын да жүзеге асыру жергілікті әкімдіктерге жүктелгенін хабарлады.

Министрлік хабарлауынша, су басқан аумақтардың флорасы мен фаунасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ботаника және фитоинтродукция институтының мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта су басқан аймақтардағы барлық ағаш өсімдікті негізінен өздерінің вегетациялық кезеңін әлі бастамаған. Осыған байланысты, судың өтуі және уақытша су тасқыны өсімдіктерге қатты зиян
келтірмейді деп болжайды мамандар.

«Жалғыз ескерту судың төгілуі кезінде, 2-3 апта немесе одан да көп үлкен көлдердің
пайда болуы немесе ойпаттарда судың тоқырауы, осы аймақта өсетін бұталардың өлуіне, ал шамамен бір ай ішінде ағаштардың өлуіне әкелуі мүмкін немесе қатты зақым келтіру мүмкін», – деп хабарлайды министрлік.

Өсімдіктерді сақтау үшін бау-бақшалар мен жасыл алқаптардан үлкен су кеткеннен кейін шұғыл түрде қалдық судан тазарту керек. Топырақ аздап құрғаған кезде, топырақты аэрациялау үшін қоқыстардан тазалап, топырақта тығыз қабықтың пайда болуына жол бермеу керек. Сондай-ақ «Өсімдіктер дүниесі туралы» ҚР заңына сәйкес елдімекендердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерінде орналасқан жасыл екпелерді түгендеу, күтіп-баптау және қалпына келтіру жұмыстарын жергілікті
атқарушы органдар жүзеге асыруы керек.

Сондай-ақ оқыңыз