Жаңалықтар

Қазақстандағы онлайн жеткізу үрдісі қалай өзгеріп жатыр?

Электронды коммерцияның «ертеңі» қандай?/shutterstock

Соңғы деректер бойынша, елдегі электронды коммерция айналымы 3,17 трлн теңгеге жеткен. Оның 1,13 триллионы – компаниялардың интернет-ресурсы арқылы тікелей сатылатын сауда-саттыққа тиесілі болса, 2,05 триллионы – маркетплейстердің еншісінде. Электронды сауда-саттықтың былтырғы көлемінің өзі 1,04 трлн теңгені құрапты.

Сонымен қатар қазақстандық эмитенттердің төлем карталарын пайдалана отырып ел аумағынан тыс жерлерде жүзеге асырылатын транзакциялар сомасы да ұдайы өсіп келе жатыр. 2022 жылы ондай транзакция көлемі 781 млрд теңге болған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 65 пайызға жоғары.

Электронды коммерцияның ішкі көлемінің 61,7 %-ы немесе 1,96 трлн теңгесі – бөлшек саудаға, 37,3 %-ы немесе 1,19 трлн теңгесі – қызметтерге, 0,9 %-ы немесе 29 млрд теңгесі – көтерме саудаға тиесілі. Өзінің тауары мен қызметін сату үшін интернет-ресурсты пайдаланатын кәсіпорын саны 2007 бірлікке жетіпті. Солардың 700-ден астамы өзінің жеке интернет-ресурсын қолданса, 1000-нан астамы маркетплейстердің көмегіне жүгінеді.

Бөлшек сауда бойынша танымал тауарлар мен қызметтер қандай?

Бөлшек сауда бойынша танымал тауарлар мен қызметтер рейтингі шамамен былай түзіледі:

  • Тұрмыста пайдалануға арналған тауарлар категориясы – сатылым көлемі – 293,4 млрд теңге (бүкіл көлемнің 34,7 %-ы);
  • Киім, аяқ киім және спорттық тауарлар – сатылым көлемі – 146,4 млрд теңге (17,3 %-ы);
  • Тамақ өнімдері – сатылым көлемі – 111,3 млрд теңге (13,2%-ы)

Жекеменшік интернет-ресурстар арқылы онлайн-сатылым рейтингі былай түзіледі:

  • Билет сату және орын брондау категориясы – сатылым көлемі – 92,7 млрд теңге (бүкіл көлемнің 36,4 %-ы);
  • Жолаушылар тасымалы қызметі – сатылым көлемі – 76,9 млрд теңге (30,2%-ы);
  • Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қызметі – сатылым көлемі – 25,8 млрд теңге (10,1 %-ы).

Онлайн сауданың көрігін қыздырып тұрғандар

Электронды коммерцияның қарқынды дамуы отандық нарықтағы бәсекелестікті күшейтті. Бәсекенің арта түсуіне шетелдік маркетплейстер мен интернет-дүкендердің де келуі себеп болды. Сарапшылар пайымынша, қазір ел ішінде көпшіліктің сұранысын өтеп отырған ондық мыналар:

  • Wildberries.kz (маркетплейс)
  • Kaspi.kz (маркетплейс)
  • Olx.kz
  • AliExpress
  • Alibaba.com (маркетплейс)
  • Satu.kz (әмбебап дүкен)
  • Technodom.kz (электроника және техника)
  • Ozon.kz (маркетплейс)
  • Kolesa.kz (C2C)
  • Sulpak.kz (әмбебап дүкен, электроника және техника)
  • Flip.kz (әмбебап дүкендер)

Сарапшылардың айтуынша, отандық нарықта интернет-алаңдар көп, алайда олардың көбі – ұсақ-түйек платформалар. Бұл ретте сала өкілдерінің «тауар айналымының басым бөлігі шетелдік сайттарда жүзеге асып жатыр» деген сөзі ақиқатқа саяды.

2023 жылдың соңындағы дерек бойынша, Ozon алаңқайында тіркелген қазақстандық сатушылар саны 45 мыңнан асты. Wildberries платформасында 55 мыңнан астам отандық сатушы тіркелген. Бұл екі ресейлік жүйенің біздің елдегі белсенділігі өте жоғары екенін мойындау керек. Мәселен, Ozon қазірдің өзінде 2 фулфилмент-сұрыптау орталығын құрып, 1200-ге жуық тапсырыс беру бекеттерін ашып тастады. Wildberries маркетплейсі бүкіл ел аумағында жалпы көлемі 29 600 шаршы метр болатын 6 логистикалық орталықтың есігін айқара ашқан және 621 тапсырысты орындау бекеттерінің жұмысын жолға қойған. Қазір Астана және Алматы қалаларында екі бірдей фулфилмент-орталық құрылысын жоспарлап отыр.

Сарапшылар пікірі

Интернет шекарасының кеңеюі нәтижесінде қазіргі уақытта отандық кәсіпкерлер өнімін экспортқа да еркін шығара бастады. Әсіресе, Alibaba платформасы қазақстандық кәсіпорындардың өнімін ілгерілетуде көп көмегін көрсетіп отыр. Жалпы айналымының өзі 100 млн доллардан асатын маркетплейс көмегімен үш жыл ішінде 300-ден аса отандық өндіруші аккаунт алып, тауарын саудалау мүмкіндігіне ие болды.

«Аталған бағдарлама аясында компанияларға аккаунт ұсынылады және платформадан верификациядан өту бойынша тиісті қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар аталған платформада жұмыс істеу бойынша консультациялық қолдау да беріледі. Қазір осы ресурс арқылы жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың негізгі санатында сусын және тамақ, ауылшаруашылық өнімдері, косметика және киім-кешек өндірушілерінің позициясы басымырақ», – дейді «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы электронды коммерция департаменті директорының орынбасары Ғалымжан Оразалин.

Сауда және интеграция министрлігі электронды коммерцияны дамыту департаментінің бас сарапшысы Ұлықбек Нұрахметтің айтуынша, трансшекаралық электронды сауданы дамыту үшін қытайлық тараппен бірігіп өңірлік қойма инфрақұрылымын құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ шағын және орта бизнестің цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында 2022 жылы «Электронды коммерция мектебі» жобасы іске қосылды. Оның аясында 2000-нан астам компания оқу курсына қатыстырылды.

Бұған қоса, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының өңірлік орталықтарында электронды сауда оқыту курстарын іске қосу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде батыс облыстарда төрт кеңсе жұмысын бастап кеткен.

«2024 жылдың соңына дейін қытайлық тараппен бірлесіп трансшекаралық электронды сауда-саттықты дамытуға бағытталған өңірлік қойма инфрақұрылымын құру жұмысы жүргізіледі. Ақтөбе мен Ақтау қалаларында бондтық қоймалар желісі мен фулфилмент орталықтарды дамыту жұмысы жалғасады. Қоймаларды ашу Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тауарларды одан әрі транзиттеу үшін тауарларды ірі шетелдік маркетплейстерде орналастыруды көздейді. Соның арқасында қазақстандық сатып алушыларға шетелдік тауарларды жеткізу уақыты 60 күннен 7 күнге дейін қысқарады»,– дейді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Freedom Finance Global аналитигі Аңсар Әбуевтің айтуынша, сатып алушылар интернет-ресурс арқылы сауда жасау кезінде тауар ассортиментіне, тауар бағасы мен төлем тәсілдерінің алуан түрлілігіне назар аударады.

«Онлайн-алаңдарда сауда жасамас бұрын сатып алушылар тауар туралы пікірлерді оқиды (83,6 пайызы), оның әртүрлі дүкендегі құнын салыстырады (69 пайызы) және тауардың суретіне ерекше мән береді (59,7 пайызы). Тұтынушылар үшін тауардың болжамды құнын іздеу, сипаттамаларын егжей-тегжейлі оқып шығу, қалаған тауарға жеңілдіктерді қадағалау, сатып алу жүргізілетін интернет-дүкеннің өзін тікелей таңдау, ұқсас тауарларды салыстыру, жеткізу әдістері мен құны туралы ақпаратты іздеу, алып кету мүмкіндіктері және дүкендер туралы пікірлер маңызды»,– дейді сарапшы.

Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттің 2030 жылға таман электронды коммерция үлесін 20 %-ға жеткізу туралы мақсаты – орындалуға толықтай мүмкіндігі бар іргелі мақсат.

«Елдегі электронды бөлшек сауда үлесі үлкен қарқынмен өсіп келе жатыр және соңғы он жылда (Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша) 2014 жылғы 0,7 %-дан 2023 жылғы 13 %-ға дейін көтерілді. Онлайн-сауданы алға жылжытуда маркетплейстер, сонымен қатар тауарды несиеге немесе бөліп-төлеуге рәсімдеу мүмкіндігі үлкен рөл ойнады. 2025 жылы жаһандық интернет-сауда көлемінің бөлшек саудадағы үлесі 25 пайыздан асуы мүмкін екенін ескерсек, сонымен бірге елдегі цифрлық платформалардың даму қарқынына мән берсек, мемлекеттің 2030 жылға таман 20 пайыз межеге жетеміз деуі ақылға қонымды»,– дейді Halyk Finance аналитикалық орталығының сарапшысы Мәдина Қәбжәлелова.

Оның сөзінше, транспорт, төлем жүйелері және курьерлер, қажетті қоймалардың болуы сияқты инфрақұрылымдарды дамыту электронды сауда-саттықтың дамуына әжептәуір оң әсерін тигізеді.

«Бұл үшін Ақтауда контейнерлік хаб пен Құрық портында логистикалық орталық құрылмақ. Өндірушілер мен сатушылар үшін табыстан бөлек, онлайн сауда көптеген адамның ақшалы болуына әсер етеді. Қызметтерді жеткізушілер мен тұтынушылар арасында делдал болатын маркетплейстер немесе цифрлық платформалар жұмысына 500 мыңға жуық жұмысшы не болмаса экономикада жұмыспен қамтылғандардың 5 %-ы тартылады», – дейді ол.

Электронды коммерциядағы қиындықтар

Бұл орайда біздегі электронды коммерцияның даму қарқынын тежеп тұрған факторлар да баршылық. Олардың негізгілері:

  • Қойма тапшылығы;
  • Сапалы және қолжетімді бағадағы курьерлік қызметтің жетіспеушілігі;
  • Субсидияның жоқтығы;
  • Ауқымды маркетплейстерді ашу үшін аса үлкен көлемде инвестиция қажет;
  • Физикалық логистика (әуе рейсі, теміржол тасымалының тапшылығы);
  • Кей өңірлердегі интернет сапасының нашарлығы;
  • Валюта бағамының құбылуы және шикізат бағасының өсуі;
  • Жалпы халықтық сенімнің әлі де төмендігі;
  • Деректердің әлсіз қорғалуы.

Кәсіпкерлер арасында «Онлайн және офлайн сауданың үлкен айырмашылығы бар. Сауда орталықтарының құрылысына субсидия берілсе, маркетплейстер дайындауға субсидия ұсынылмайды» деген пікір бар.

Қазіргі уақытта мемлекеттік орган мен сала өкілдері тиісті заңнмаға өзгеріс енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Өзгеруі мүмкін басты түзетулердің бірі – салық салу жүйесін жұмсарту. Сондай-ақ Үкіметтің жоспарында – халықтың да, бизнестің де цифрлық сауаттылығын күшейту және төлем жүйелерінің жұмысын жолға қою бар. Сол үшін бүкіл ел аумағында электронды сауда оқыту орталықтары ашылуда. Қазірдің өзінде аталған курста 2 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісі білім алып үлгерген. Қазіргі кездегі Сауда және интеграция министрлігінің басты бірегей міндеті – қазақстандық кәсіпкерлердің тауарларын халықаралық маркетплейстерде барынша көбірек орналастыру мәселесін шешу.

Биыл электронды сауда жұмысын реттейтін екі заң жобасы қабылдануы мүмкін. Біріншісі – жобасы дайындалып қойған Цифрлық кодекс, екіншісі – тұтынушылар құқығын қорғау туралы заң. Қазір екеуі де Мәжіліс қарауында жатыр. Дегенмен кей сарапшылар аталған екі заңның да онлайн сауда-саттықты толыққанды реттей алмайтынын айтады. Сондықтан бұл ретте электронды коммерция туралы жеке заңның қажеттілігі туралы мәселе алға шығады.

Алайда Ozon компаниясының Қазақстандағы директоры Мөлдір Рысалиеваның айтуынша, дәл қазір электронды коммерцияға қатысты жеке заң қабылдауға қажеттілік жоқ.

«Иә, қазіргі заңның өзгерту қажет тұстары бар, бірақ біздіңше, ондай заң жобасының пайда болуымен тәуекел көбейеді. Өйткені электронды сауда қазір бәрінен де жылдам дамып жатқан сала. Ал заң шыққан кезде бұл сегментте басқа моделдер пайда болуы мүмкін, ал олар жаңа заңда ескерілмеген болып шығады. Мұндай қайшылық сөзсіз бизнестің дамуына тоқтау салады», – дейді ол.

Электронды коммерция болашағы

IMARC Group (нарықты талдау бойынша халықаралық зерттеушілік-консалтингтік топ) дерегінше, 2022 жылы Орталық Азияның электронды коммерция нарығының көлемі 8 млрд долларды құрады. Алдағы бес жылда 25,4 пайыз өсім тіркеледі деп күтіліп отыр.

«Бұл сегменттің дамуының басты катализаторы COVID-19 пандемиясы десек қателеспейміз. Коронавирус онлайн платформаның кеңінен қолданысқа берілуіне түрткі болды. Сонымен қатар интернеттегі өрістеп келе жатқан инфрақұрылым және оған қала мен ауыл тұрғындарының қиындықсыз қол жеткізе бастауы көптеген мүмкіндіктер ашты. Нарықтың баяу бірақ орнықты өсімі байқалады», дейді сарапшылар.

KPMG Caspian дерегі бойынша, алдағы уақытта Қазақстандағы электронды коммерция нарығының көлемі 19 пайызға немесе 5 млрд долларға дейін өседі. Ал Өзбекстандағы өсім 2026 жылы 1 млрд долларды құрауы мүмкін.

Techno Women коммерциялық емес ұйымның басқарма төрағасы Әзиза Шөжееваның айтуынша, Орталық Азия мемлекет басшыларының деңгейінде электронды коммерцияны дамыту туралы келісімге қол қойылуы керек.

«Мұндай құжаттың болуы заңнама мен қадағалау үйлесіміне серпін береді. Онлайн төлемдер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және онлайн-ортада бизнес пен тұтынушылар құқығын қорғайтын нормативтік актілерді дайындау және қабылдау қажет. Кеден инфрақұрылымын дамытып, тұрып қалу мерзімін түбегейлі қысқарту үшін тауарларды рәсімдеудің ақпараттық жүйесін интеграциялаудың да қажеттілігі жоғары. Мемлекет электронды коммерция нарығында дамығысы келетін кәсіпкерлер үшін оқыту мен қаржылық қолдау шараларын ұсынуға дайын»,дейді Әзиза Шөжеева.

Сауда және интеграция министрлігі электронды коммерцияны дамыту департаменті директорының орынбасары Руслан Оразалиевтің сөзінше, Орталық Азияның бірқатар елінің профилді ведомстволарымен келісілген меморандумдар өзара электронды сауда тауар айналымының ұлғаюына серпін береді.

«Сонымен қатар бұл қазақстандық сатушылардың тауарлары үшінші елдерге жіберілер алдында Орталық Азия елдерінің қоймаларында орналастыру мүмкіндігін де көрсетеді. Бұл өз кезегінде тауарды жеткізіп беру уақытын қысқартады және қазақстандық өнімдерге деген сұранысты арттырады», дейді министрлік өкілі.