Қатарлық инвесторға сатылатын байланыс операторының басқарма төрағасы ауысты

Жарияланды
Шығарушы редактор
 «Мобайл Телеком-Сервис»
«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС басқарма төрағасы ауысты Фото: kursiv.media

«Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобына кіретін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің басқарма төрағасы ауысты. Сергей Конковтың орнына жаңа басшы болып Сергей Назаренко тағайындалған. Бұл туралы компания хабарламасында жазылған.

«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жеке оператор ретінде жұмыс істейтін Tele2 мен Altel брендіне иелік етеді. Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» – «Мобайл Телеком Сервистің» жалғыз акционері. Былтыр «Қазақтелеком» оған голландиялық компания делдалдығынсыз тікелей иелік ете бастаған.

Сергей Назаренко бұған дейін AzerTelecom (Әзербайжан), Caspinet BV (Нидерланды), KazTransCom, Kcell, Қазақтелеком компанияларында басшылық қызмет атқарған.

«Қазақтелеком» құрылымындағы операторлардың бірін жеке инвесторға сату жайлы әңгіме былтыр жазда айтыла бастаған. Өйткені компания нарықта монополистке айналып, абоненттер саны бойынша компанияның үлесі 70%-ға жетсе, ұялы байланыс сегментінде 60%-дан асқан.

«Қазақтелеком» еншілес компаниясын нақты сататыны қаңтар айында белгілі болды. Бұл туралы Үкіметтің «Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» қаулысына енгізілетін өзгерістер жобасында жазылған.

Ал ақпан айында Қатардың Power International Holding компаниясы Tele2-ні сатып алатыны хабарланды. Үш жақты келісімге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар еліне ресми сапары барысында қол қойылған.

Рower International Holding – бұл экономиканың түрлі секторларын қамтитын Қатар конгломераты. Компанияда 65 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, әлем бойынша 1000-ға жуық жобаны жүзеге асырады.

«Қазақтелеком» сонымен қатар Kcell компаниясының 51% акциясына ие. Сондай-ақ «ВОСТОКТЕЛЕКОМ» ЖШС (100%), «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС (100%), «КТ-АйИкс» ЖШҚ (Ресей Федерациясы) (100%), «Нұрсат+» ЖШС (100%), «КТ Телеком» ЖШС-на (100%) иелік етеді.

Сондай-ақ оқыңыз