«Қазатомөнеркәсіп» акцияларының одан әрі құлдырауы қисынсыз – Freedom Broker

Жарияланды
Шығарушы редактор
Қазатомөнеркәсіп
Фото: kursiv.media

Freedom Broker сарапшылары «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының одан әрі құлдырауы қисынсыз деп тұжырымдайды. Мамандар KASE мен LSE биржасындағы сауда-саттық сессиясы нәтижесіне қатысты пікірін білдірді.

Қазақстан қор биржасында банктердің акциялары жақсы өсім көрсеткен. Лондон қор биржасында да Халық банкінің акциялары 0,9%-ға өсіп, 50 күндік орташа көрсеткіштен жоғары болған.

Kaspi акциялары 3,11%-ға өскен. Сарапшылар финтех компанияның акциялары енді алыпсатарлардың қызығушылығын тудыруы мүмкін дейді. Алайда мамандар 50 күндік жылжымалы орташа мәнге мұқият назар аударуды ұсынады.

Ал «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акциялары 37,8 долларға дейін арзандап барып, өз орнын сақтап қалған. Сарапшылар ұлттық атом компаниясы акцияларының одан әрі құлдырауына себеп жоқ деген пікірде,

«Бағалы қағаздардың іргелі өсу маржасын ескере отырып, одан әрі құлдырау қисынсыз деп есептейміз. Дегенмен Америка нарығының тағы құлдырауы немесе уран бағасының төмендеуі акция құны үшін әлі де маңызды болуы мүмкін. Бағалы қағаздарда төленететін дивиденд ұсынысы да белгілі болды», – дейді Freedom Broker сарапшылары.

Ал директорлар кеңесі 1 қарапайым акцияға 1 213,19 теңге (1 ЖДҚ бір қарапайым акцияға тең) дивиденд төлеуді ұсынған. Жалпы дивиденд сомасы 314,65 миллиард теңгені құрауы мүмкін. Осылайша, компанияның дивиденд саясатына сәйкес, ол бос ақша ағынының 75% пайызын құрамақ.

Бұл қаржы 2022 жылға төленген дивидендтен 56 пайыз артық. Компания 2022 жылы тапқан табысынан 200 млрд теңге төлеген.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының былтырғы таза пайдасы 580 млрд теңгеге тең болды. 2022 жылмен салыстырғанда 23%-ға өскен. Ал 2022 жылы компанияның таза пайдасы 472,9 млрд теңгені құрады. Өсім 2023 жылы операциялық кірістің артуына байланысты болған.

KASE мәліметі бойынша, «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының 75%-ы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі, 24,34%-ы CITIBANK атынан номиналды ұстаушыға тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз