Әлемдегі әскери шығындар жылына 2,4 трлн долларға жетті: Орталық Азияның қорғанысы қандай?

Жарияланды
Әлемдегі әскери шығындар жылына 2,4 трлн долларға жетті / коллаж kursiv.media

Әскери шиеленістер мен соғыстардың артуына және қауіпсіздік деңгейінің күн санап төмендеуіне байланысты әлемде әскери шығындар артуда. Алайда Орталық Азия елдерінің шығынында айтарлықтай өзгеріс жоқ.

Стокгольм халықаралық бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының (SIPRI) мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы әлемдегі жалпы әскери шығындар 2,443 трлн долларға жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда нақты мәнде 6,8% көп. 

Әскери шығындардың көп бөлігі әдеттегідей АҚШ, Қытай және Ресей үлесіне тиген. Бұдан бөлек, Еуропада, Шығыс Азия және Океанияда, сондай-ақ Таяу Шығыста айтарлықтай өсім байқалған.

Ал Орталық Азия елдерінің әскери шығындары керісінше азайып кеткен(Зерттеуге Өзбекстан мен Түркіменстан шығындары қосылмаған. Бұл елдер әскери шығындары туралы ақпаратты жабық ұстайды – ред.). Яғни Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстанды қоса алғанда, 2023 жылғы әскери шығын 1,8 млрд долларды құрайды. 2022 жылмен салыстырғанда 5,3%, 2014 жылмен салыстырғанда 16% төмендеген. Үш елдің әскери шығындарын қосқан күннің өзінде әлемдік шығынның 0,1% ғана құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея мен Моңғолия кіретін Шығыс Азия елдерінің (Аймақта тағы Солтүстік Корея бар, бірақ оның да әскери шығындары жасырын – ред.) шығындары 411 млрд доллар. Бір жылда 6,2%, он жылда 52% өскен. Әлемдік шығынның 17% құрайды.

«Әскери шығындардың бұрын соңды болмаған өсімі жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайының нашарлауына тікелей жауап. Мемлекеттер әскери күшке басымдық береді. Бұл өз кезегінде геосаяси тұрақсыздықтың одан әрі күшеюіне алып келуі мүмкін», – дейді SIPRI әскери шығындар мен қару-жарақ бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Нан Тянь.

Қытай шығындарының өсуі көршілеріне әсер етті

Қытай 2023 жылы әскери қажеттіліктерге 296 млрд доллар бөлді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6,0% өсті. Қытай шығындары Азия мен Океания аймағындағы жалпы әскери шығындардың жартысын құрайды. Қытайдың шығыстағы көршілері де әскери шығындарын арттырған.

2023 жылы Жапония әскери қажеттіліктерге 50,2 млрд доллар бөлді, 2022 жылмен салыстырғанда 11% өсті. Тайваньның әскери шығындары 2023 жылы 11% өсіп, 16,6 млрд долларға жетті.

Украина мен Ресейдің әскери шығындары

Ресейдің әскери шығындары 2023 жылы 24% өсіп, шамамен 109 млрд долларды құрады. Бұл Ресей Қырымды аннексиялаған 2014 жылмен салыстырғанда 57% көп. 2023 жылы Ресейдің әскери шығындары жалпы мемлекеттік шығындардың 16% құраған.

2023 жылы Украинаның шығындары 51% өсіп, 64,8 млрд долларға жетіп, шығындар бойынша сегізінші орынға көтерілді. Егер Украинаның АҚШ пен жақтастарынан алған қаражатын ескерсек, 2023 жылы елдің әскери шығындары Ресей шығындарына жетуге аз қалды. Бір жыл ішінде Украина кем дегенде 35 млрд доллар әскери көмек алды, оның ішінде АҚШ-тан 25,4 млрд доллар.

Таяу Шығыстағы шиеленіс және әскери шығындар

Таяу Шығыстағы әскери шығындар 2023 жылы 9% артып, 200 млрд долларды құраған. Әсіресе Израильдің әскери шығындары 24% өсіп, 2023 жылы 27,5 млрд долларға жетті. Иранның әскери шығындары 10,3 млрд доллар жетті. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Ислам революциясының қамқоршылар корпусына бөлінген әскери шығындардың үлесі 2019-2023 жылдар аралығында 37% дейін өскен.

Сондай-ақ оқыңыз