Жаңалықтар

Қорғаныс күштері су басқан батыс өңірлерде дезинфекция жүргізеді

Қорғаныс күштері су басқан батыс өңірлерде дезинфекция жүргізеді / shutterstock

Су басқан Батыс өңірлерде дезинфекция іс-шараларын жүргізу үшін Қорғаныс министрлігінің қосымша күштері мен құралдары бөлінді.

«Жедел штабтың шешімі бойынша Қарулы күштерден қосымша күштер мен құралдар бөлінді. Ақтөбе қаласында дезинфекциялық жұмыстарды істеу үшін құрамында 50 әскери қызметші және 17 бірлік техника құралдары бар Тараз гарнизонынан радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесі, Солтүстік Қазақстан облысына Қонаев гарнизонының арнайы техникасы бар инженерлік бөлімшесі бөлінді», – деді министрліктің ресми өкілі Руслан Жангулин ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Сонымен қатар жеке құрамға және халыққа білікті медициналық көмек көрсету үшін Қарулы күштердің төрт әскери-медициналық бөлімшесі мен мекемелерінен құрамында 57 адам бар медициналық бригадалар, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жеткілікті қамтамасыз етілген 8 санитарлық автокөлік бөлінген.

Өңірлерде санитарлық жағдайды қалпына келтіру қалай жүзеге асырылады?

Қаулыға сәйкес, су тасқынына байланысты елдімекендерге жиналып қалған қоқыс қалдықтарын жергілікті атқарушы органдар тазалауы керек

«Қаулыда жергілікті атқарушы органдарға су тасқыны жағдайын тұрақтандыру кезінде арнайы бөлінген учаскелерде жиналған қалдықтарды кәдеге жарата отырып, елдімекендердің аумақтарын – жеке үй иеліктері, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары, зираттар, контейнерлік алаңдар және басқа да объектілерді санитариялық тазалауды қамтамасыз ету ұсынылған», – делінген министрлік жауабында. 

Министрлік жергілікті әкімдік осы талаптарды дұрыс орындаған жағдайда тұрғындардың денсаулығына қауіп төнбейтінін жеткізді. Сонымен бірге су басқан өңір халқына Денсаулық министрлігі су тиген азық-түлікті пайдалануға болмайтынын ескертеді. 

«Тасқын су тиген азық-түліктерді пайдалануға қатаң түрде тыйым салынады және
тұрмыстық заттарды дезинфекциялық құралдармен залалсыздандырғаннан кейін пайдаланған дұрыс болады», – делінген министрліктің «Курсивке» берген жауабында. 

Жергілікті атқарушы органдар су тасқынынан кейін жиналған қалдықтармен қатар елдімекендердегі зираттар мен ауыл маңына санитариялық тазарту жүргізіп, тұрғындардың жануарлардың өлекселерімен байланысуына жол бермеуі керек. Өлі жануарлар денесін алшақтау орындарға апарып көму ұсынылған.

Экологиялық жағдай қалай реттеледі?

Сонымен бірге су тасқынынан кейін елдімекендердегі экологиялық жағдайды қалпына келтіру шаралары жөнінде Экология министрлігіне де сауал жолдағанбыз. Министрлік елдегі экологиялық жағдайды қалпына келтіру шараларын да жүзеге асыру жергілікті әкімдіктерге жүктелгенін хабарлады. 

Министрлік хабарлауынша, су басқан аумақтардың флорасы мен фаунасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ботаника және фитоинтродукция институтының мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта су басқан аймақтардағы барлық ағаш өсімдікті негізінен өздерінің вегетациялық кезеңін әлі бастамаған. Осыған байланысты, судың өтуі және уақытша су тасқыны өсімдіктерге қатты зиян
келтірмейді деп болжайды мамандар. 

«Жалғыз ескерту судың төгілуі кезінде, 2-3 апта немесе одан да көп үлкен көлдердің
пайда болуы немесе ойпаттарда судың тоқырауы, осы аймақта өсетін бұталардың өлуіне, ал шамамен бір ай ішінде ағаштардың өлуіне әкелуі мүмкін немесе қатты зақым келтіру мүмкін», – деп хабарлайды министрлік.