Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаны Штутгарт турниріндегі жеңісімен құттықтады.
«Елена Рыбакинаны Штутгартта өткен теннис турнирінің жеңімпазы атануымен құттықтаймын. Қазақстанның бірінші ракеткасы биылғы маусымда осымен үшінші турнирде жеңіске жетіп отыр. Бұл – үлкен жетістік. Даңқты теннисшімізге толағай табыс тілеймін!» – деп жазды Тоқаев.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласындағы WTA 500 турнирінің чемпионы атанған. Ол финалда әлемнің 27-ракеткасы, украиналық Марта Костюкті жеңді.
Рыбакина спорттық мәнсабында алғаш рет Штутгарт жарысының чемпионы атанды. Ол 500 рейтингілік ұпайға қоса, Porsche автокөлігіне ие болды.
Ақпан айында WTA рейтингінде қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Біріккен Араб әмірліктерінде өткен Abu Dhabi Open-2024 турнирінде сәтті өнер көрсетті. Финалда Рыбакина WTA рейтингінде 14-орында тұрған ресейлік Дарья Касаткинамен кездесіп, екі сетте жеңіске жетті — 6:1, 6:4.
Рыбакина қаңтар айында Брисбенде (Аустралия) өткен турнирде финалда беларустық Арина Соболенконы жеңіп, үздік атанған. Ол жеңісі үшін қазақстандық теннисші 220 000 доллар мен 500 рейтингтік ұпай алған.
Айта кетейік, Ресейде дүниеге келген Елена Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, турнирлерге Қазақстан атынан қатыса бастаған. Ол 2022 жылы Уимблдон турнирін жеңіп алған тұңғыш қазақстандық болды.