Мәжілісте депутат Бақытжан Базарбек лудоманияға қатысты заң жобасының артында біреулердің мүддесі тұрғанын мәлімдеді. Заңды пайдаланып бәзбіреулердің жемқорлық тәуекелдері жоғары, дәл «Оператор» ӨКМ (РОП) секілді мекеме құруды көздеп отыру мүмкін екені айтылды.
«Ставкаларды есепке алу орталығы» жайлы сөз еткен депутат жаңа заңда осы орталықтың құзыреттілігін кеңейтуді көздеп отырған лоббистердің бар екенін ескертті. Базарбек депутаттардың осыдан 1,5 жыл бұрын «Ставкаларды есепке алу орталықтары» туралы норманы қазіргі қолданыстағы заңнан алып тастау туралы ұсыныс жасағанын, бірақ үкімет бұл ұсынысты қолдамағанын жеткізді. Үкімет «зерделенуі керек» деген уәж айтып, аталмыш нормаға тиіспеген.
«Осы орайда мұнда жеке адамдардың мүддесі бар ма деп күмәнданамыз. Өйткені «Ставкаларды есепке алу орталықтары» дегеніміз – үкімет пен ойын бизнесі арасындағы көпір секілді. Олар әрбір бәс тігуден түсетін қаражаттан комиссия алып отырады. Оның өзі ондаған млрд теңгені құрайды»,– деді депутат.
Базарбек кезінде бұл орталықтың артында Қайрат Сатыбалдының мүддесі тұрғанын айтты. Егер заңдағы бұл нормалар қабылданса, жекеменшік компанияның құзыреттілігі кеңейіп, жемқорлық тәуекелдері артатынын айтады.
«Бұл орталықтардың артында кезінде Қайрат Сатыбалды бастаған ескі Қазақстан өкілдерінің гвардиясы тұрған. Енді заңға бәзбіреулер осы орталықтарға қатысты түзетулерді енгізіп қойыпты. Лоббистер бұл орталықтың құзыретін кеңейтуге тырысып жатыр. Бұлай болса, орталық кәдімгі құзыреттілігі бар органға айналады. Бұл лоббистік мақсаттағы нормалар қазір Мәжіліс дәлізінде ашық талқыланып жатыр. Ең қызығы, норманы заң жобасына кімнің енгізгені де көрсетілмепті. Енді сіздерден сұрағым келіп отыр, бұл норманы алып тастайтын ойларыңыз бар ма?», – деп сұрады депутат.
Өз кезегінде заң жобасын таныстырған депутат Елнұр Бейсенбаев расымен бұл орталықтың монополиске айналуы мүмкін екенін, оған түсетін қаражаттың кімге кететінін және қайда жұмсалатыны белгісіз екенін айтты.
«ӨКМ секілді қызметтің біздің елге керегі жоқ. Бұл норма бойынша орталық делдалға айналады. Сонымен бірге жеке компанияға осы саланы реттеушілік құзыреті берілейін деп отыр. Мұның өзі сұмдық дүние ғой. Мұның артында үлкен жемқорлық тәуекелдері бар. Өйкені букмекерлік кеңселердегі ақша айналымы триллиондаған теңгемен өлшенеді. Олардың комиссиясынан түсетін қаражатты кімнің алатыны және қайда жұмсалатыны бізге беймәлім. Расымен, лоббистік топ бар осы идеяны жылжытып жатқан. Біз, депутаттар, осы мәселеге қарсы тұруымыз керек», – деді Бейсенбаев.
Ал Қаржы мониторингі агенттігінің өкілі букмекерлік кеңселердің салық органдарымен және басқа мелекеттік органдардың жүйесімен интеграцияланғанын, сондықтан мұндай орталықтардың қажеті болмайтынын айтты. Десе де, заң жобасындағы «Ставкаларды есепке алу орталықтарының» мәртебесін кеңейту туралы норманы алуға қатысты ештеңе айтпады. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселені екінші оқылымға дейін пысықтауды тапсырды.
Еске сала кетсек, заң жобасына сәйкес казино мен букмекерлік кеңселердің ойыншылары биометрикалық тексерістен өтеді. Сондай-ақ казинолар мен букмекерлік кеңселердің жарнамасына тыйым салынады.
Қазақстандықтар eGov mobile арқылы өздеріне құмар ойын ойнауға тыйым сала алады. Электронды жүйе арқылы ойын мекемелеріне және букмекерлік кеңселердің сайттарына кіруге 6 айдан 12 айға дейін тыйым салуға болады.
Сонымен бірге заң жобасында құмар ойындарда бәс тігу жасы ұлғайтылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 21 жастан асқан азамттарға құмар ойындарына бәс тігуге рұқсат етілген. Жаңа заң жобасында бұл шектеу кеңейтілген, енді 25 жасқа толмаған адамға бәс тігуге тыйым салынбақ. Ал ойнау жасына келмеген азаматтарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынып, қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатылады.