БҰҰ Қазақстанның энергия үнемдеу саласындағы «жасыл» жобаларды дамытуға мүдделі

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан «жасыл» технологияны дамытуға мүдделі / коллаж kursiv.media

Қазақстандағы тұрғын үй-коммуналдық сектор – энергияны неғұрлым көп қажет ететін саланың бірі. Елдегі энергияның 34 пайызын осы сектор тұтынады. Одан кейін көлік пен қызмет көрсету салалары тұр.

Энергия тиімділігін арттыру үшін Қазақстан 2015 жылдан бері БҰҰ Даму бағдарламасы шеңберінде «жасыл» технологияны дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. БҰҰДБ деректері бойынша, ТҮКШ секторын дамыту үшін 2,7 миллиард АҚШ доллар инвестиция тарту керек. Ал көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғыртуға 5-10 млрд доллар жұмсау қажет.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп және жаһандық экологиялық қордың қаржылай қолдауымен Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде энергия тиімділігі саласындағы жобалар жүзеге асуда.

БҰҰДБ қаржылық қолдау құралдарының арқасында 50 «жасыл» жобаны іске асыру үшін 15 млн доллар жеке инвестициялар тартылды. Ал «жасыл» бастамаларды қолдау мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жалпы сомасы 190 млрд теңгеден асатын 130-ға жуық «жасыл» жобаға демеушілік көрсетті.

«Жоба бірлескен күш-жігердің арқасында болуы мүмкін елеулі өзгерістердің айқын дәлелі болып табылады. БҰҰДБ Қазақстандағы орнықты және төмен көміртекті болашақтың негізін қалауға көмектесетін инновацияларды одан әрі енгізуге дайын», – деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.

Тиімді технологиялар

Жобалар нәтижесі энергия тиімділігін арттыру технологияларын енгізу қуат тұтынуды едәуір азайтып, парниктік газдар шығарындыларын қысқарту мүмкін екендігін көрсетті. Көше және ішкі жарықтандыру жүйелерін жақсарту, автоматтандырылған жылу пунктерін қолдана отырып, қазандықтар мен жылыту жүйелерін жаңғырту, ғимараттарды оқшаулау энергия үнемдеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ желдету жүйелерін жаңарту, күн панельдерін, коллекторларды, жылу сорғылары мен биомассадағы қазандықтарды орнату қолға алынды.

Бұл технологиялар өзінің қарапайымдылығы мен іске асырылу жылдамдығының арқасында әртүрлі секторларда, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сауда, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында белсенді қолданылады.

«Пилоттық жобалардың нәтижелері тиімділікті көрсетті, яғни энергия тиімді технологияларды енгізу жылуды 20 пайызға дейін, ал ғимараттарды кешенді терможаңғырту кезінде 50 пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басқармасының басшысы Сәуле Инаханова.

Көміртегі бейтараптығына бағытталатын инвестиция көлемі артады

Қазақстанда «жасыл» қаржыландыру өте маңызды. Сарапшылардың бағалауынша, дәл қазір елдегі орнықты қаржыландыру нарығының көлемі 227,8 млрд теңгеге жетеді. 2060 жылға таман төмен көміртекті даму және көміртегі бейтараптығына жету үшін салынатын таза инвестиция көлемі 610 млрд долларға жетуі мүмкін.

Былтыр Қазақстанның Даму Банкі AIX биржасында «жасыл» облигацияларды орналастырды. Бағалы қағаздар шығару көлемі 15 млн долларын құрады, сауда-саттық қорытындысы бойынша купондық мөлшерлеме жарты жылда бір рет купондық сыйақы төлей отырып, 5,65% деңгейінде айқындалды. 

Сондай-ақ оқыңыз