Ресейдегі лицензиясынан айырылған Qiwi енді Қазақстандағы төлем және қаржы қызмет көрсету бизнесін дамытуға көңіл бөлуді көздеп отыр. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
2024 жылдың 30 қаңтарда Qiwi plc. ресейлік активтерін сату және бизнесті қайта құрылымдау бойынша мәміленің жабылғанын жариялады. Мәміле сомасы 23,75 млрд рубльді құраған. Компания ресейлік активтерін сату салдарынан 2023 жылы 14,4 млрд рубль шығын шеккенін жазады. 2024 жылы да шығын көлемі артып, 22,7 млрд теңгені құрауы мүмкін.
21 ақпан Ресей Федерациясының Орталық банкі Qiwi банкінің лицензиясын қайтарып алды. Реттеуші мұндай шешімді банктің федералды заңдарды бұзғаны, оның ішінде ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күреске (AML/CFT) байланысты қабылдады. Бұған қоса Орталық банктің нормативтік құқықтық актілеріне қайшы әрекеттер тіркелген.
Осыдан кейін Qiwi америкалық депозитарлық қолхаттары Мәскеу биржасындағы сауда басында 24,9%-ға, 360,5 рубльге дейін төмендеді.
Банктің қызметі жеке тұлғалар мен көлеңкелі бизнес арасындағы есеп айырысуларды қамтамасыз етуге бағытталыпты. Сондай-ақ тәуекелі жоғары операцияларға қатысумен, криптовалюталардың, заңсыз онлайн казино, букмекерлік кеңселердің пайдасына ақша аударылған. Бұған қоса Реттеуші енгізген шектеулерді айналып өтудің жаңа жолдарын іздеуге қатысты жайттар анықталған.
Qiwi банк лицензиясынан айрылғаннан кейін, әмияндары арқылы транзакцияларды бұғаттады. Ал қазақстандықтардың Киви әмиянындағы қаражатын жеңілдетілген тәртіппен қайтарып алуына жағдай жасалды.
QIWI Kazakhstan ресейлік Депозиттерге кепілдік беру агенттігіне (ДВА) Қазақстан азаматтарына бұғатталған әмияндардағы ақшаны төлеу үшін жүгінгенін хабарлады. Алайда қазақстандықтар ақшаларын тек рубльмен қайтара алады.