«Жауапкершіліктен қашты деп айту ұят болады»: ТЖМ орынбасары министр Әріновтің қызметі туралы

Жарияланды
«Жауапкершіліктен қашты деп айту ұят болады»: ТЖМ орынбасары министр Әріновтің қызметі туралы / коллаж kursiv.media

Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов министр Шыңғыс Әріновтің журналистер алдына не үшін шықпай жүргеніне түсініктеме берді.

Сыздықовтың сөзінше, қазір Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Батыс Қазақстан және Атырау облысындағы су басқан елдімекендерде жүр.

«Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында, Атырау облысында, Солтүстік Қазақстан облысында жағдай өте күрделі. Премьер-министрдің тікелей тапсырмасы бойынша қазір төтенше жағдайлар министрі Атырау облысы мен Батыс Қазақстан облысының ортасындағы елдімекендерде жүр. Жеке құраммен, халықпен бірге қалай болғанда да су тасудың зардабын төмендетсек деген жұмыспен айналысып жүр. Сондықтан жауапкершіліктен қашып, келмей жатыр деп айту ұят болады», – деп жауап берді Сыздықов.

Ол су тасқынына қатысты жағдай қалыпқа келгенде министр Шыңғыс Әріновтің журналистер алдына келіп, сұрақтарына жауап беретінін айтты.

Бұдан бөлек, журналистер министрге қатысты «аймақтарда ит пен мысықты құтқарып, қара пиар жасап жүр» деген пікірлер туралы оның орынбасары Сыздықовтан сұрады.

«Көршілес мемлекеттерге қарасақ, мысық пен ит түгілі, өкінішке орай, адамдарын құтқара алмай жатыр. Ал біз бүкіл адамды құтқарып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Қазақ айтады «ит жеті қазынаның бірі» деп, ол да тірі жан ғой. Қазір оларды да қауіпсіз жерге көшіріп жатырмыз», – деп жауап берді министрдің орынбасары. 

Ол басшысы Шыңғыс Әріновтің халықпен бірген жүргенін алға тартып, осындай уақытта адам шығынына жол бермеуі министрдің «білімі де, тәжірибесі де жеткілікті екендігін» дәлелдейтінін алға тартты.

6 ақпан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Шыңғыс Сайранұлы Әрінов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалған.

Сондай-ақ оқыңыз