Сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосы журналистерін аккредиттеу бойынша медиативті келісімге келді

Жарияланды
Сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосы журналистерін аккредиттеу бойынша медиативті келісімге келді / shutterstock

Азат Еуропа/Азаттық радиосы мен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі журналистердің аккредитациясы бойынша өзара медиативті келісімге келді.

«Біз сыртқы істер министрлігімен келісімді құптаймыз. Бұл процесс барысында басты мақсатымыз журналистеріміздің Қазақстандағы маңызды жұмысын қауіпсіз әрі компромиссіз жүргізуге мүмкіндік жасау болды. Өз аудиториямызға тәуелсіз әрі шынайы ақпарат беру міндетіне адал болып қала береміз және бұл келісім осыны жүзеге асыруға жағдай жасайды деген сенімдемін», – деді Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті әрі атқарушы директоры Стив Капус.

Осыған дейін Халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» Қазақстан билігінің «Азаттық радиосының» 36 тілшісіне аккредитация бермеу туралы шешіміне қатысты пікір білдірген.

«Азат Еуропа радиосы/Азаттық радиосы» қазақ қызметі шынайы әрі сенімді ақпарат көзі ретінде танылған. Биліктің осындай негізсіз сылтаумен журналистерді аккредиттеуден жаппай бас тартуы алаңдаушылық туғызады. Президент Тоқаевтың баспасөз бостандығына қатысты мәлімдемесін бұзады»,– делінген ұйымның ресми сайтында жария болған ақпаратта.

Журналистер Сенат төрағасынан «Азаттық» радиосының кейбір журналистерін СІМ аккредитациядан өткізбегеніне қатысты пікір білдіруін сұраған. Әшімбаев елде сөз бостандығы бар екенін мәлім етті. Ал «Азаттық» радиосы журналистерінің аккредитациядан өтпеуіне Қазақстан заңнамасын бұзғаны себеп болғанын айтты.

Әшімбаев журналистер билікті сынап, үкімет пен мемлекеттік орган өкілдері үшін ыңғайсыз сұрақтарын еркін қойып, әрі ойларын да еркін жеткізіп жүргенін айтты. Қазақстанда сөз бостандығының барлық алғышарттары жасалып жатыр деуге толық негіз бар екенін алға тартты.

Сондай-ақ оқыңыз