Ресей 2025 жылдан кейін де Байқоңырдан «Протон» зымыранын ұшыруды жалғастырғысы келеді

Жарияланды
Ресей 2025 жылдан кейін де Байқоңырдан «Протон» зымыранын ұшыруды жалғастырғысы келеді / shutterstock

Ресей Қазақстанға 2025 жылдан кейін Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон» зымыран тасығыштарын ұшыруды жалғастыруды ұсынды. Бұл туралы Ресейдегі зымыран өндіретін Хруничев атындағы орталық бас директоры Алексей Варочко «РИА Новости» агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Қолданыстағы уағдаластық бойынша Ресей тарапы екі жылдан кейін Қазақстан аумағынан «Протон» ұшыруды тоқтатуы тиіс.

Хруничев орталығы Қазақстанға осы тасымалдаушыларды Байқоңырдан 2025 жылдан кейін де ұшыруды жалғастыруды ұсынды. 

«Хруничев орталығы мен «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы тарапынан ұсыныстар пысықталып, қазақстандық әріптестерімізге жолданды. Қазіргі уақытта бұл мәселені, оның ішінде «Байқоңыр» кешені бойынша «үкіметаралық комиссия шеңберінде іске асыру жолдарын іздеу процесі жүріп жатыр», — деді Варочко.

Варочконың айтуынша, «Протон-М» зымыран тасығышы әртүрлі дайындық деңгейінде. Олардың бір бөлігі Ресей Федерациясының ғарыштық бағдарламасын орындауға, бір бөлігі коммерциялық жобаларға қолданылады. Геосаяси жағдайға байланысты зымырандардың бір бөлігі ешқашан қолданылмаған. Ресей оларды қолдану жолдарын іздестіреді.

«Осыған байланысты Хруничев орталығы «Роскосмоспен» бірлесіп ішкі және сыртқы нарықтарда еркін зымыран тасығыштар үшін пайдалы жобаларды пысықтауда», – деп қосты Варочко.

Айта кетейік, 2015 жылы Қазақстан мен Ресей «Протон» зымырандарын ұшыруды 2025 жылдан кейін тоқтату туралы келіскен. Ресей тарапы «Протон» өндіруді тоқтатып, оны толығымен экологиялық таза «Ангара» зымыранымен алмастыратынын айтқан. Себеп «Протон» зымырандары улы «гептил» отынын пайдаланады.

Ресей 1994 жылдан бастап Қызылорда облысында орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алып келеді. Жалдау мерзімі 2050 жылға дейін есептелген. Жыл сайын Ресей Байқоңырды жалға алу үшін 115 миллион доллар төлейді.

22 наурызда премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары – өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен кездесу өткізді. Кездесуде «Байқоңыр» кешенінің негізгі мәселелері талқылаған. Нақтырақ айтар болсақ,  «Бәйтерек» бірлескен ғарыш зымыраны кешенін құру жөніндегі жобаны іске асыру барысы сөз болды. Тараптар жобаның бұрын қол жеткізілген уағдаластықтар мен жасалған келісімшарттарға сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. 

Сондай-ақ оқыңыз