Президент Қасым-Жомарт Тоқаев KIA корпорациясының президенті Хо-сунг Сонгпен кездесіп, елдегі өнеркәсіп саясаты туралы тілдесті. Кездесуде Тоқаев автоиндустрияны дамыту Қазақстанның өнеркәсіп саясатының негізгі бағыттарының бірі саналатынын атап өтті.
Өз кезегінде Хо-сунг Сонг Тоқаевқа Қостанайдағы автомобиль шығаратын толық циклді зауыт құрылысының барысы туралы айтып, зауыттың жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін атап өтті.
Жобаны жүзеге асыру үшін 90 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Зауыттың жобалық қуаты жылына 70 мың автомобиль шығаруға есептелген. Оның ішінде 50 мың автомобиль ұсақ бөлшектерден құрастыру әдісімен өндіріледі, яғни жергілікті өнім үлесі барынша жоғары болады.
Бұдан бөлек, корейлік компания басшысы автомобильдің қосалқы бөлшектерін жаһандық деңгейде өндірушілерді Қазақстанға тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазақстанда автокөліктің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыт салу жөнінде кореялық Seyong EHWA компаниясымен келісімге қол қойылған.
Тоқаев KIA корпорациясының Қазақстанда автобөлшектердің жергілікті өндірісін жолға қою туралы шешімін құптап, саланы дамыту үшін білікті отандық мамандар даярлау қажет екенін атап өткен.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда сатылған он ең танымал брендтің жетеуі Қытайда шығарылған. Өткен жылы қытайлық автобрендтер қазақстандық нарықтағы үлесін екі есе арттырды. Бір жылда 40 мыңнан астам көлік сатқан (жалпы ресми сатылым 200 мың, бұл отандық авторетейл тарихындағы ең үздік көрсеткіш). Қазақстанда ең көп сатылатын қытайлық автобрендтер – Chery, Haval және Jac.
Мамыр айында Қазақстанда Kaiyi көлігінің сатылымы ресми түрде басталады. Бұл Қазақстан нарығындағы 15-ші қытайлық автобренд.