Жаңалықтар

Астанада құрылысы 13 жылға созылған «Триумф Сити» тұрғын үй кешені тұрғындарға табысталды

Астанада құрылысы 13 жылға созылған «Триумф Сити» тұрғын үй кешені тұрғындарға табысталды / gov.kz

Астанада құрылысы 13 жылға созылған «Триумф Сити» тұрғын үй кешені аяқталып, пәтер кілті тұрғындарға табысталды.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған «Триумф Сити» кешені аяқталғанын мәлімдеді.

«Құрылысы ұзаққа созылған тағы бір тұрғын үй кешені аяқталды. «Триумф Сити» ТК құрылысы сонау 2011 жылы басталған. 13 жылдан кейін көпқабатты тұрғын үй кешенінің 1-кезегінің үлескерлері баспаналы болды. Қазір абаттандыру жұмысы жүріп жатыр», – деп жазды әкім.

«Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС тарапынан осы үйдің құрылысын аяқтау, құжаттарын ретке келтіру бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілген. Екінші-үшінші кезектің тұрғындары жақын арада пәтерлерінің кілтін алады деп жоспарланып отыр.

Осыған дейін мемлекеттің қолдауының арқасында құрылысы ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешені аяқталған. Осылайша 15,5 мыңға жуық үлескер отбасының проблемасы шешілген.

«Биылға құрылысы ұзаққа созылған 10 үй қалды. Олардың бір бөлігі аяқталды, ал қалғанын осы жылдың маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Әрбір нысан бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар», – деп жазды Қасымбек. 

Қаңтар айында елордада құрылысы 12 жылға созылған сақалды құрылыстар биыл аяқталған.

«Араби 2 – Гранитный 2», «Арыстан, 4-блок», «Future home» секілді ұзаққа созылған нысандардың құрылыс барысымен таныстым. Бұл тұрғын үй кешендерінің құрылысының басталғанына 12 жылға жуық болды. Мысалы, «Араби 2 – Гранитный 2» тұрғын үй кешені 2013 жылы проблемалы деп танылған», – деп жазды әкім.

Мұнда 200-ге жуық отбасы баспанасын күтіп жүр. «Future home» тұрғын үй кешенінің құрылысы да 2013 жылы басталған. Нысанды ЕҚК-ге беру кезінде 4 және 7 қабаттар ғана салынған.