Биыл 64 мың азаматты тұрғын үймен қамтуға 1 трлн теңге қаражат көзделген – Шарлапаев

Жарияланды
тұрғын үй құрылысына
Соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына 12 трлн теңге инвестиция тартылған / Фото: kursiv.media

Қазақстанда соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына 12 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл жайлы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

«Еліміздегі жалпы тұрғын үй құрылысын алсақ, соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына 12 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 78,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді», – деді Шарлапаев.

Нәтижесінде барлық қаржыландырудың көздері есебінен 695 мың отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартқан. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1 млн адамға жеткізу көзделіп отыр. Сол мақсатта 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Ал 2024 жылы экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, тұрғын үй құрылысы көлемі 15,5 шаршы метрден 18 млн шаршы метрге дейін ұлғайтылған.

Сонымен бірге министр биыл халықтың әлеуметтік осал топтарын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 339 млрд теңгеге 22 мыңнан астам арендалық пәтер сатып алу жоспарланып отырғанын айтты.

«Бұдан басқа, әкімдіктер 110 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы 10 мың кредиттік пәтер салады. Мемлекет басшысы 6 сәуірде қол қойған «Бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі» заңының шеңберінде әкімдіктерге кредиттік тұрғын үй құрылысын салу ғана емес, жаңа пәтерлерді сатып алу құқығы берілгенін атап өткім келеді», – деді министр.

Шарлапаев сонымен бірге кезекте тұрған азаматтарға 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен 81 млрд теңгеге 7 мың ипотекалық несие берілетінін айтты. Ал «Отау» ипотекалық бағдарламасы бойынша 9 %-бен 150 млрд теңгеге 8 мың ипотекалық несие беру көзделген.

«Қосымша, биылғы жылдың 1 мамырынан бастап 7 – 9% мөлшерлемесімен жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосылатынын айта кеткен жөн. Мұның шеңберінде 300 млрд теңгеге 12 мың ипотекалық несие беріледі. Сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы бойынша 100 млрд теңгеге 5 мыңнан астам ипотекалық несие берілетін болады», – деді министрлік басшысы.

Осылайша, ағымдағы жылы 64  мың азаматтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 1 трлн теңгеден астам қаражат қаралуда.

Су тасқынынан зардап шеккендерге баспана қалай беріледі?

Шарлапаев сонымен бірге апаттан зардап шеккен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін жедел шешу мақсатында әкімдіктермен дайын пәтерлер сатып алу, зардап шеккен азаматтардың бекітілген жобаға сәйкес өз қалауымен баспана таңдау тетіктері, әкімдіктермен жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе олардың шығындарын өтеу сынды шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.

Айтуынша, Ақтөбе облысында құрылыс жұмыстары басталған. Ал Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарында дайын жаңа баспана кілттері табысталған.

Сонымен бірге министр тұрғын үйге бөлінетін 22 млн теңге қаражаттың қолға берілмейтінін айтты.

«Мемлекет қолға ешқандай қаражат бермейді. Өйткені әр адам әртүрлі. Жауапкершілігі бар адамдар бар және жауапкершілігі аз адамдар бар. Олардың қолына қаражатты беріп қойып, оны басқа мақсатттарға жұмсап тастауы мүмкін. Солайша қыста үйсіз қалуы да ғажап емес. Бұл орайда мемлекет осындай шешім шығарды. Адамдарда таңдау бар. Олар өздері үй тұрғыза алады, болмаса әкімдіктер қайталама нарықтан үй сатып алып береді», – деді министр.

Еске сала кетсек, Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сол мақсатта жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Сатып алу құқығымен жалға берілетін үйлердің санын 4 есе арттыру үшін бюджеттен қосымша 272 млрд теңге бөлінеді.

Сонымен бірге жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу үшін «Самұрық–Қазына» әл-ауқат қоры «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамына 272 млрд теңге бөлуді көздеп отыр. Яғни «Самұрық–Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамына 272 млрд теңгеден аспайтын сомаға облигациялық қарыз береді. Құжатқа сәйкес бұл қаражатқа кемінде 17 300 отбасы  тұрғын үймен қамтамасыз етілмек.

Сондай-ақ оқыңыз