Қазақстан мен Қырғызстан авиация саласы бойынша іздестіру-құтқару жұмысын бірлесіп жүргізеді

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан мен Қырғызстан авиация саласы бойынша ынтымақтастықты күшейтпек / kursiv.media

Қазақстан мен Қырғызстан авиация саласында құтқару жұмысы бойынша ынтымақтастықты нығайтпақ. Тоқаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойды.

3 сәуірде көлік вице-министрі Талғат Ластаев Сенат отырысында келісім жобасын таныстырған. Бұл құжатты түзуге Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның талабы негіз болды.

Үкіметаралық келісім бойынша екі ел өздерінің аумағында болған әуе апаты жөнінде бірден сақтандырмақ. Қазақстанның құтқарушылары іздестіру жұмысы кезінде қырғызстандық әріпестерін шақыра алады. Егер көрші ел аумағында ұшақ сынықтары мен аман-есен қалған жолаушыларды табу керек болса, қазақстандық мамандар да осы жұмысқа тартылмақ.

Қазақстан мен Қырғызстан мамандары өзара бірлесіп оқу-жаттығу жиынын өткізбек.

Келісім аясында бірлескен іздестіру-құтқару операцияларын жүргізудің нормативтік негізі, іздестіру және құтқару аудандарының шекарасы, жауапты құзыретті органдар айқындалды. Сондай-ақ іздестіру операциялары кезінде өзара көмек көрсету құқығын көздейді.

Наурыз айында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы қаулы жобасы жарияланды. Қауылда екі мемлекет инвесторларының өзара тең дәрежеде қолдау шараларын күшейтетіні мәлім болды.

Сондай-ақ оқыңыз