Ксения Собчак Қазақстандағы «ұят» ұғымын әйелдер қауымын қыспаққа алудың бір құралы деп санайды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: ҚР Жоғарғы соты телеграмынан

22 сәуірде бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысына ресейлік журналист Ксения Собчак қатысты. Собчактың келуі интернет тұтынушылары мен қазақстандық журналистердің наразылығын тудырды. Тележүргізушіге «ерекше жағдай жасалды» деген сын айтылды.

Судья Айжан Құлбаеваның бірнеше күн бұрын сот шешімімен шеттетілген БАҚ өкілдеріне сот отырысына қатысуға рұқсат беруі де осы жайтпен тұспа-тұс келді.

Ксения Собчак сол күні Жоғарғы Сот арқылы аккредиттеу рәсімінен өткенін уәж қылып айтты. Бишімбаев соты туралы материалдарды әуел бастан жариялап келе жатқаны, қазақстандықтардың сынына толық жауап беретіні туралы телеграмда жазба қалдырды.

Көп ұзамай Ксения Собчак Қазақстан әйелдерін сыйлайтыны, олардың еңбекқор қасиетін, алға ұмтылатын ерекше ерік-жігерін бағалайтыны жайында өз пікірін жариялады. Феминизм және басқа да ерекшеліктерді орнықты қабылдайтынын тілге тиек етті.

Ол Қазақстанға жиі келетінін айта келіп, кейбір келеңсіз құбылыстарға сын көзімен қарайтынын жасырмады. Оның ойынша, елдегі «ұят» ұғымы әйелдерді қысымға алуға итермелейтін дәстүрлі ереже ретінде қалыптасқан. Соның салдарынан әйелдерді моральды тұрғыдан қыспаққа алу күшеюде.

«Ендеше, менің айтайын дегенім, Салтанат ісін қоғамдағы жаңа бетбұрыс деуге келеді, бұл құбылыс бұрынғы ұғымды өзгертеді. Халықтың консервативті бөлігі әйелдерге бұрыннан әмір жүргізіп келеді. Енді, міне, бойжеткендер үй озбырларына қарсы күресу үшін бірігіп қана қоймай, арнайы заңның қабылдануына да қол жеткізді. Жалпы қазір Қазақстанда Салтанат ісі аясында өте қызықты жайттар болып жатыр. Бәлкім, біз у-шусыз өтетін төңкерістің бір түріне куә болып жатырмыз. Мұны азаматтық қоғамның жеңісі деуге болатын шығар», – деді Ксения Собчак.

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот жалғасып жатыр.

Сот отырысына Бишімбаев қайғылы оқиға болған күні хабарласқан көріпкел мен Нүкенованың үй қызметшісі шақырылмақ. Куәгерлерден жауап алуды мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова сұрады.

Тараптар прокурордың бұл өтінішхатына қарсылық білдірмеді.

2 сәуірдегі сот отырысында Бишімбаев судьяға ұялы телефонының құпиясөзін берді.

Судья Айжан Құлбаева сотталушы Қуандық Бишімбаевтың телефонына қайғылы оқиға болған күні түсірілген видеоларды көріп шықты. Ол жерде Қуандық Бишімбаевтың марқұм Нүкеноваға өзара қарым-қатынасы бойынша сұрақтар қойғаны түсірілген. Оның ішінде басқа ер адамдармен жақын қатынасы туралы сұраған сәті бар.

Сондай-ақ оқыңыз