Су тасқыны салдарынан қираған баспаналар тендерсіз салынады. Төтенше жағдай орын алған өңірлердің әкімдіктері үй салу үшін құрылыс компанияларымен тікелей келісімшартқа отырады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді.
Министр қазіргі жағдайда әкімдіктер тендер жариялап отырмайтынын айтты. Өйткені тендер өткізудің жұмысы тым ұзаққа созылады деп түсіндірді ведомство басшысы.
«Егер қазір тендер жарияласақ, ол бірнеше айға созылып кетеді. Ол жұмысты созбау үшін тікелей келісімшартқа кіріп жатырмыз. Ақтөбені мысалға алсақ, ол жерде бірнеше құрылыс компаниясы осы жұмысты жүргізіп жатыр. Ең алдымен, айтарым, ешкімге ешқандай бизнес емес. Ол компаниялар ешқандай табыс алмайды. Олар 0-ге жұмыс істейді»,- деді министр.
Шарлапаев құрылыс компаниялары бұл жұмыстардан ешқандай пайда көрмейтінін атап өтті.
«Қазақстанда дәл осындай апат бұрын-соңды болмаған. Бүкіл Қазақстан кәсіпкерлер, құрылыс компаниялары өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп отыр. Табыс бар, бірақ ол тым аз. Бұл табыс табатын бизнес болмайды. Қазіргі таңда құрылыс компаниялары Ақтөбеде 87 үй салып жатыр. Тең болу үшін компанияларға оларды бөліп бердік»,- деді Шарлапаев Үкімет отырысынан соң өткен брифинг барысында.
Сондай-ақ министр су тасқыны салдарынан бүлінген қора-қопсы мен үй ауласын қалпына келтіру бюджет қаржысы есебінен жүргізілмейтінін айтты.
«Бірақ қазіргі таңда өзеріңіз білесіздер өтемақы төлеп жатырмыз. Тасқыннан зардап шеккен барлық өңірге 100 АЕК (369 200 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) көлемінде өтемақы берілді. Бірақ ауланы, қораларды және басқа да үй маңындағы құрылыстарды біз қайтып тұрғызбаймыз», – деп түсіндірді ол.
Шарлапевтың сөзінше, табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек берілу үшін мемлекет қаржысы тиімді жұмсалуға тиіс.
«Біздің ойымызша, ең алдымен, халықты баспанамен қамтамасыз ету керек. Басқасын қайта тұрғызбаймыз. Оны түсіну керек. Өйткені көп адам үйсіз қалды. Менің ойымша, аз ресурсты қораға, басқа мәселеге жұмсауға болмайды», – деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, Үкімет сағатында премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен әр отбасыға бір реттік төлемнен бөлек қосымша 150 АЕК-ке дейін қаражат бөлінетінін мәлімдеді. Бұл жайлы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
«Өткен аптада залалды өтеу жұмыстары басталып кетті. Зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер бекітілді. Кеше мен тиісті қаулыға қол қойдым. Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем алды. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Оған қосымша тағы 150 айлық есептік көрсеткішке дейін төлейтін боламыз», – деді премьер-министр.
Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан бүлінген үйдің орнына жаңа баспана салуға бөлінетін 22 млн теңге азаматтардың қолына берілмейтінін айтты.
«Мемлекет қолға ешқандай қаражат бермейді. Өйткені әр адам әртүрлі. Жауапкершілігі бар адамдар бар және жауапкершілігі аз адамдар бар. Олардың қолына қаражатты беріп қойып, оны басқа мақсатттарға жұмсап тастауы мүмкін. Солайша қыста үйсіз қалуы да ғажап емес. Бұл орайда мемлекет осындай шешім шығарды. Адамдарда таңдау бар. Олар өздері үй тұрғыза алады, болмаса әкімдіктер қайталама нарықтан үй сатып алып береді», – деді министр.