«Ақымақтар қаласынан» әлемнің үздік қаласына дейін: Ресейлік блогердің Алматы жайлы ойы қалай өзгерді

Жарияланды
Варламов
«Ақымақтар қаласынан» әлемнің үздік қаласына дейін: Ресейлік блогердің Алматы жайлы ойы қалай өзгерді / коллаж kursiv.media

Ресейлік блогер Илья Варламов «Әлемнің үздік қалалары» тізімінде Алматыны оныншы орынға жайғастырды. Қазақстанның оңтүстік астанасын Кейптаун, Амстердам, Нью-Йорк, Вена, Копенгаген, Берлин, Токио, Сеул және Лондоннан артық көрген. Варламов қала орталығындағы жаяу жүргіншілерге арналған көшелерді, қысқы велосипедтерді, ашық алаңдарды, дәмді тағамдар мен табиғатты атап өткен.

«Алматының артықшылығы – 20 минут ішінде қаладан шығып, таңғажайып ұлттық саябақта – таулар, шыршалар, қайыңдар, сарқырамалар, өзендер, көлдер арасына тап боласыз. Бұл жерде жүргендерде қаладағы кептеліс, жаңа архитектурадағы кемшіліктерді ұмытасыз», – деп бастады блогер Іле-Алатау ұлттық паркі туралы әңгімесін. 

youtube.com/@varlamov

Варламов қала орталығын қайта құру процесін бөлек атап өтіп, жер асты өткелдерін жер үсті өткелдеріне ауыстыру және жедел пойыздармен трамвай желісін қалпына келтіру жоспарларын құптаған.

Алматының басты артықшылығы ретінде қаладан бір сағаттық жерде орналасқан Шымбұлақ тау шаңғысы курортын атаған. 

youtube.com/@varlamov

«Менің ойымша, Алматы өте керемет қала, тұрғындар өз қаласына өте сыни көзқараспен қарайды. Олар проблемалар туралы өздері де айтып, өзгелердің де айтқанын қалайды. Мен бұл қаланы өте жақсы көремін және қуана-қуана ораламын. Бұл қалада өмір сүре алатын сияқтымын», – деп түйіндеді блогер.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Варламов әуежайда және метрода видео түсіруге тыйым салынғаннан кейін Алматыны «ақымақтар қаласы» рейтингінде бірінші орынға қойды. Сонымен қатар, блогерге жергілікті тұрғындардың Алматыны мадақтауы ұнамаған.

varlamov.ru

2018 жылы Варламов қаладағы тротуарлар мен экологияны сынап, «Алматыға келме, өлесің!» деп айтқан. Блогерге велосипед жолдары, автотұрақтар, мүгедектерге арналған инфрақұрылым, мұздықтар мен қала шетіндегі кең даңғылдар да ұнамаған еді.

varlamov.ru

2023 жылдың 8 желтоқсанында Fitch халықаралық рейтингтік агенттігі Алматы қаласының «BBB» деңгейіндегі кредиттік рейтингін растаған.

Сондай-ақ оқыңыз