Жаңаөзенде құны 17 млрд теңге болатын мұнай-газ жабдықтарын шығаратын зауыт салынады. Кәсіпорын келесі жылы пайдалануға беріледі.
«ҚазМұнайГаз» ақпаратына сүйенсек, зауыт жылына 51 мың тонна құбыр өнімін, 540 мың сорғы штангасын және 100 мұнай жылытқышын өндіретін болады. Жаңаөзен тұрғындары үшін 250 жаңа жұмыс орны құрылады. Олар арнайы дайындықтан өткеннен кейін кезең-кезеңімен үш жыл бойы жұмысқа алынады.
24 сәуірде Жаңаөзенде ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен болашақ зауыттың іргетасын қалау рәсімі өтті.
Зауытты Қазақстандағы KazPetroDrilling ірі бұрғылау компаниясы салатыны хабарланды. Ол 1965 жылдан бастап ұңғымаларды бұрғылау, жөндеу және жою қызметтерін ұсынады. Оған мұнай-газ секторына арналған жабдықтар шығаратын Ақтау «Каскор-Машзавод» тиесілі.
2023 жылдың тамызында KazPetroDrilling қытайлық CITIC Pacific Special Steel және CITIC Construction компанияларымен бірге Маңғыстау облысының Құрық ауылында зауыт салуға 530 млн доллар инвестиция салатыны хабарланған. Жоба өңірде 570 жаңа жұмыс орнын ашады, оның ішінде 483 тұрақты жұмыс орны.
Egov порталында KazPetroDrilling құрылтайшылары туралы ақпарат ашылмайды. Forbes.kz дерегіне сүйенсек, 2017 жылы компанияның 70%-ы миллиардер Яков Цхайға, 15% Ескендір Саттыбаевқа, 15%-ы Владимир Телбуховқа тиесілі болған. 2018 жылдың тамыз айында KazPetroDrilling 85%-ы VT Standards Corporation B.V. тиесілі болған. Оның түпкі иесі белгісіз.
Қазақстан, Ресей, Қытай бірлесіп Атырау облысында полиэтилен өндіретін зауыт салады. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «СИБУР» ЖШҚ Басқарма төрағасы және бас директоры Михаил Карисалов, China Petrochemical Corporation Президенті Чжао Донгтің Астанадағы кездесуінде белгілі болған.