Қазақстандықтар араб компанияларының акцияларын AIX арқылы сатып ала алады

Жарияланды
AIX биржааралық сауда-саттық үшін Tabadul хабына қосылды / Фото: пресс-служба AIX

Astana International Exchange кросс-биржалық сауда-саттық үшін Әбу-Даби биржасы (ADX) құрған Tabadul цифрлық биржалық хабына қосылды. Енді қазақстандықтар араб компанияларының акцияларын AIX арқылы сатып ала алады.

«Бұл AIX және ADX-тегі бағалы қағаздарға қолжетімділікті қамтамасыз етіп, өтімділікті арттырады және инвесторлар үшін сауда механизмдерін жеңілдетеді», – деп хабарлады AIX баспасөз қызметі.

Tabadul брокерлік компанияларға қашықтан қызмет етеді. Бұл хаб серіктестері үшін ыңғайлы.

ADX Tabadul хабын 2022 жылдың шілдесінде нарыққа өзара қол жеткізу моделі бойынша жұмыс істейтін өңірдегі алғашқы цифрлық биржалық сервис ретінде іске қосты. Платформа қатысушы биржалар арасында өңірлік және жаһандық деңгейде сауда-саттық үшін цифрлық биржа желісін құрады. Бахрейн биржасы мен Muscat Securities Market (Оман) қазірдің өзінде Tabadul-да жұмыс істеуде.

Астана биржасының Tabadul-мен интеграциясы 2023 жылдың маусым айында AIX және ADX қол қойған Өзара түсіністік туралы меморандумда көрсетілген. Құжат бірлескен жоспарларды жүзеге асыруға арналған стратегиялық серіктестік шеңберінде қабылданжы. Tabadul биржалық хабына AIX-тің қосылуымен платформаның ауқымы мен мүмкіндіктері одан әрі кеңейіп, сауда-саттыққа қатысушылар мен инвесторлар үшін үздіксіз және тиімді сауда-саттық пен есеп айырысуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Tabadul Hub брокері ретінде Freedom Finance Global (Қазақстан) қабылданды. Ал BHM Capital (Дубай, БАӘ) AIX сауда мүшесі ретінде мақұлданды. Екі тараптан да нарық қатысушыларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Бастапқыда ADX мүшелері тек АҚШ долларындағы AIX бағалы қағаздарын сатып ала алады.

«Әлемдік деңгейде мықты қаржы секторын қалыптастыруға жол ашылуда, бұл ел экономикасының өңірде, одан тыс та тұрақты дамуына ықпал ететініне сенімдімін. Брокер ретінде инвесторларға әлемдегі ірі капитал нарықтарында тікелей сауда жасау мүмкіндігін ұсыну өте маңызды», – деді Freedom Finance Global PLC Директорлар кеңесінің басқарма төрағасы Сергей Лукьянов.

Егер барлығы биржалар қойған талаптарға сай болса, Tabadul платформасымен жергілікті брокерлер де, тіркелген инвесторлар да жұмыс істейі алады.

«ADX және AIX арасындағы сауда-саттықты қалыптастыру AIX мақсаттарына сәйкес келеді және Қазақстан мен Парсы шығанағы мемлекеттерінің нарықтары арасындағы байланысты кеңейтуге ықпал етеді. Tabadul цифрлық платформасына қосылу қазақстандық инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады және нарық қатысушыларына қолжетімді құралдар ауқымын кеңейтеді», –  деді Биржаның басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова.

AIX 2017 жылы Астана халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. Оның акционерлеріне АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры және NASDAQ кіреді.

Еске сала кетсек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасындағы акция сауда-саттығы 4 ай қатарынан рекорд орнатты. Ақпан айындағы сауда-саттық көлемі 42,2 млн доллар немесе 19 млрд теңгені құраған.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев AIX пен KASE-ні біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін көтерген еді.

Сондай-ақ оқыңыз